2021 жылғы 9 наурызда «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Өмірәлі Бердіғали және орынбасары Данияр Кирбасов Түркістан облысы Кентау қаласында орналасқан «Кентау трансформатор зауыты» АҚ-ға жұмыскерлердің еңбекақысы, қал-жағдайы, жұмыс тәртібі, еңбек қауіпсіздігі техникасының сақталуымен танысу мақсатында іс-сапармен барып қайтты.
Іс-сапар барысында төраға Б.Өмірәлі жұмыс барысында кездесетін кейбір мәселелерді саралап, сала қызметкерлерінің еңбек қауіпсіздігі және әлеуметтік жағдайлары мен еңбекті қорғау мәселелеріне тоқталды. Кәсіпорындағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында еңбекті қорғау инспекторларының құқықтары мен өкілеттіктері туралы айтылды.
Еңбеккерлерге қазіргі қоғамда кәсіподақ үлесінің маңызы өте зор екендігін түсіндіріп, еңбеккерлерді кәсіподақ қозғалысын дамытуға үлес қосуға шақырды. Кездесу соңында қызметкерлермен пікір алмасып, қойылған сұрақтарға жауап берді.
Қосымша айтатын болсақ: «Кентау трансформатор зауыты» акционерлік қоғамы – республика бойынша трансформатор жасайтын бірден-бір зауыт. Іргетасы 1959 жылы қаланған. Зауыт қуаты жоғары, яғни, 63 мың киловольтты электр құрылғысын дайындап шығарады. Бір мезетте бүтін ауданды жарықпен қамтамасыз етуге қауқарлы трансформатордың барлық жинақтауыш бөлшектері зауыттың өз өндірісінен өткен бірегей отандық өндіріс болып табылады. Зауыттың жаңа тарихы 1997 жылы «Алагеум электрик» холдингтік компаниясымен тікелей байланысты. Осы жылдар аралығында әлемдік деңгейдегі жаңа кәсіпорынға айналып үлгерді. Бүгінде зауыт – Қазақстанның ғана емес, Орталық Азиядағы машина жасаушы көшбасшы. Мұнда 1300 адам жұмыс жасайды. Өнімнің алыс және жақын шетелдерде үлкен сұраныстарға ие болуы – біз үшін қашан да қуаныш әрі мақтаныш. Міне, Кентауда елімізде бірегей әрі баламасы жоқ осындай қуатты зауыт бар. Онда Отанын, туған жерін сүйген, ертеңінен үлкен үміт күтетін еңбеккерлер жұмыс жасайды.