Алматы облысында «Шахмат мектебінің» бастауыш кәсіподақ ұйымы – белсенділер қатарында

Шахмат – ғылыми ақыл-ой және халық шығармашылығы негізінде пайда болған ең танымды да, қызықты спорт ойыны. Гарри Каспаров «Шахмат – ақылдың азабы» деп анықтамасын дәл тауып айтқан болатын.

Психологтар шахматты күрделі мәселелерді шешуге және түрлі идеяларды ойлауға мүмкіндік береді деп есептейді.

Шахмат ойнау балалардың ойлау қабілетін айтарлықтай жақсартса, дойбы мен тоғызқұмалақ жасөсіпірімдердің математикалық ойлау жүйесін дамытып, төзімділікке баулиды.

“Ынтымақ” Алматы облыстық салалық кәсіподақ құрамында дәл осы шахмат, тоғызқұмалақ және дойбы үстел ойындарын жасөспірімдерге үйрететін арнайы “Шахмат мектебі” жанынан құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымы бар. Ұйымда бүгінгі күнге 40-тан астам мүшесі бар.

Басым көпшілігі облыстың аудан, қалаларында қызмет ететін ұстаздар. «Шахмат, тоғызқұмалақ, дойбы ойындары мінез-құлықтың қалыптасуына, ұстамды және ізденімпаз болуына ықпал етеді. Сондай-ақ, балалар ойын ережелерін толық меңгеріп, ойынның стратегиясы мен тактикасын жете түсіну нәтижесінде жарыстарға қатысып, кез-келген ойыншымен ойнай алады. Сөйтіп, шеберліктерін шыңдай түседі», – дейді бастауыш кәсіподақ төрағасы Бағдат Молғаждаров.

Бүгінгі таңда аталмыш мектептің есігі тек жасөспірімдерге ғана емес әлеуметтік жағдайы төмен және мүмкіндігі шектеулі жандарға айқара ашық. Сонымен қатар, қарттар да бос уақытын тиімді пайдалана алады.

Мектепте шахмат, шашки, тоғызқұмалақ ойындарын үйретіп, өзара жарыстырады. Бастауыш кәсіподақ тарапынан жыл сайын ұстаздар, жарыстарда белсенділік көрсетіп үздік атанған жас спортшылар, шахматшылар, тоғызқұмалақшылар мен дойбышылар марапатталып, жолдамалар беріледі. Сондай-ақ, кәсіподақ мүшелері спорттық сайыстарды, жастар мен жасөсіпірімдер арасында турнирлерді жиі ұйымдастырады.

Ағымдағы жылы бастауыш кәсіподақ ұйымы «Бастауыш кәсіподақтар жылы» аясында жыл бойынша спорттық-шараларды ғана емес, ел Тәуелсіздігі мен атаулы жылдың ұйымдастырылуына орай бірқатар маңызды мерекелік шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр.