«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ ұжымымен кездесті

Бүгін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы  аясында «Серіктес» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің мүшелерімен кездесті.

Естеріңізге салып өтейік, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына орай ұйымдастырылған. Акция барысында Федерация басшылығы озық тәжірибелерді тарату, өзекті мәселелерді анықтау, аймақтық кәсіподақ белсенділерін қолдау мақсатында  әрбір бастауыш ұйымын виртуалды түрде аралайды.

Бүгінгі кездесуге федерация басшылығымен бірге ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева, «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы Оразбек Бекбас, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ бас инженерінің орынбасары Нұржан Әділбеков қатысты.

Алдымен «Алматы қаласы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрайымы Зәуреш Өмірбаева Алматы қаласындағы жағдай туралы баяндап берді.

Бүгінгі күні Алматы қаласының кәсіпорындары мен ұйымдарында 715 бастауыш кәсіподақ ұйымдары жұмыс істейді. Осы жылғы 1 ақпанындағы жағдай бойынша қала кәсіпорындарының ұжымдық шарттармен қамтылуы 35,6% яғни  27 038 кәсіпорынды құрайды. Зәуреш Өмірбаева жаңа кәсіподақ ұйымдарын құру арқылы кәсіподақ мүшелерінің санын көбейту бойынша жұмыс жалғасып жатқанын жеткізді. Мәселен, 2020 жыл ішінде 16 қоғамдық бірлестік ашылып,  кәсіподақ ұйымдарына 5677 адам тартылған. 2021-2023 жылдарға арналған Қауіпсіз жұмыс бағдарламасын жасалып, кәсіподақтар жұмыс істейтін кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі 582 жұмыс кеңесі құрылған. Қазір оларда 815 техникалық еңбек инспекторлары бар.

Бұдан соң  «Серіктес» жергілікті кәсіподақ ұйымының жұмысы туралы айтылды. Ұйым «Алатау Жарық Компаниясы »АҚ қызметкерлерін біріктіреді. Кәсіподақ қатарында 3560-тан астам адам бар, бұл компания қызметкерлерінің  92%-ын  құрайды. Орташа жалақы  238 168 теңге. Жалақы бойынша қарыз жоқ,  ұжымдық шартқа сәйкес уақытында аударылады. Бұның сыртында  қызметкерлерге тұрақты түрде әртүрлі қаржылай көмек көрсетіліп отырады. Мәселен, кәсіподақ мүшелерінің балалары үшін  балабақшаға  50% мөлшерде  жеңілдік жасалып отыр  дегенді айтты ұйым төрағасы Қали Сабыржан.

Жалпы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ – Алматы қаласы мен Алматы облысының тұтынушыларына электр энергиясын беретін және тарататын ірі электр энергетикалық компания. Компаниядағы қауіпсіздік пен еңбекті қорғау қандай деңгейде екенін баяндаған «Алатау Жарық компаниясы» АҚ сенімділікті бақылау және еңбекті қорғау бөлімінің бастығы Болат Бисеновтің айтуынша, барлық құрылымдық бөлімшелерде еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар бар. Бұл жұмыстардың барлығын кәсіподақтың Атқару комитеті үйлестіреді.

«Жалпы мекеме басшылығы мен кәсіподақтар тарапынан еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауға үлкен көңіл бөлінеді. Бұл бағытқа ауыз толтырып айтарлықтай көлемде қаржы қарастырылып отырады. Мәселен, былтыр 250 млн теңгеге жуық қаржы берілді. Қазір жұмыскерлер қатарынан алынған 25 техникалық еңбек инспекторын  ынталандыру мәселесі қарастырылу үстінде»,-деді Болат Бисенов.

Кездесуге қатысқан «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы «ҚРКФ-нің 2021 жылды Бастауыш кәсіподақ жылы деп жариялауы жақсы бастама. Себебі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысы кәсіподақтардың негізі. Бастауыш жұмысының нәтижесінен  салалық кәсіподақ пен  федерацияның қалай жұмыс істеп отырғанын көруге болады»,-деді Оразбек Бекбас.

«Серіктес» жергілікті кәсіподақ ұйымының  салалық кәсіподақ құрамындағы жақсы жұмыс істеп тұрған ірі ұйымдардың бірі екенін айтып, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ-ына саладағы әлеуметтік жауапкершлігі жоғары жұмыс берушілер қатарынан деген баға берді.   Сонымен қатар, ол биыл ұжымдық шарт пен салалық келісімнің мерзімі аяқталғалы отырғанын және қазір салалық кәсіподақ тарапынан  2022-2024 жылдарға арналған жаңа келісімді әзірлеуге қатысты жұмыстардың басталғанын жеткізді. «Қазақстандық энергетиктердің салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы кәсіподақ көшбасшыларын назарын кәсіподақ белсенділерін әсіресе, техникалық техникалық инспекторлардың білімі мен біліктілігін арттыру қажеттілігіне аударды. Оның сөзінше короновирус кесірінен бұл жұмыс тоқтап қалған.

ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылына орай бастауыш ұйымдардан заңдарға байланысты түсіп жатқан  ұсыныстардың барлығы  ҚРКФ арқылы  Парламентке жеткізіліп жатқанын айтты.

«Бүгінгі күнге дейін олардың бірқатары жұмысқа алынған. Біз тарифтік саясат, қауіпсіздік пен еңбекті қорғау жүйесі бойынша атап айтқанда,  нұсқаушылар мен техникалық инспекторларды дайындайтын оқу орталықтарын оңтайландыру бойынша жұмыс жүргізудеміз. Себебі олардың жұмысы қазір жүйесіз. Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысын индекстеу  бойынша да бірлескен жұмыстар жүргізілуде. Депутаттық сауалдарды да  жасадық. Олар жас мамандарға, білім беру ұйымдарындағы   денсаулық сақтау  саласы қызметкерлерінің жалақысына қатысты болды. Жалпы алғанда еңбекке ақы төлеу, еңбек қауіпсіздігі, кәсіподақтардың жұмысына қатысты осы сияқты өзге мәселелердің барлығы біздің бірлескен жұмыстың күн тәртібінде тұр. Сондықтан сіздер де заңға қатысты өз ұсыныстарыңызды жолдаңыздар. Біз диалогқа  ашықпыз»,- деді Екатерина Смышляева.

Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «Серіктес» жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы мен ұжымдық шартын  жоғары бағалап, бұл кәсіподақтар жұмысының нәтижесі деді.

Саладағы жалақының мардымсыздығына тоқталған Мұхтар Тінікеев  ҚРКФ-ның  өз атына келіп түскен хаттар мен өтініштердің негізінде салалық кәсіподақпен бірге  бұл мәселені Үкіметтік деңгейде шешуге күш жұмсап жатқанын айтты.

«Ақтөбе пен Павлодар өңіріндегі энергетиктердің жалақысы 85 мың теңге мен 107 мың теңгенің аралығында екені жасырын емес. Әрине, бұл өте аз. Осының кесірінен бүгінгі күні сала кәсіпорындарындағы жоғары білікті  қызметкерлерінің 30%-ы жалақысы жоғары өзге  салаларға ауысып жатыр жатыр. Біз үкіметтен энергетика саласындағы кәсіпорын қызметкерлерінің ай сайынғы жалақысы өңірдегі орташа жалақы негізінде есептелуін сұрадық. Егер бұл күрделі мәселені шешпесек,  болашақта саладағы жоғары білікті кадрлардан айрылып қалуымыз мүмкін»,-деді ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.

Сонымен қатар, жалпы елдегі еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру бойынша Кәсіподақтар федерациясы тарапынан жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды.  Атап айтқанда, ҚРКФ-ның ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен ұлғайту, Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялау, жалақыны жыл сайын міндетті түрде индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту туралы ұсыныстары бойынша Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық комиссия деңгейінде кең ауқымды жүргізіліп жатқан жұмыстарды айтып өтті.

Бұдан бөлек ҚРКФ Қолданыстағы Еңбек кодексі мен «Кәсіподақтар туралы» заңды жетілдіру бойынша арнайы жұмыс топтарын құрғанын, қазір осы екі бағыт бойынша салалық кәсіподақтар өкілдерімен бірге белсенді жұмыс жүріп жатқанын жеткізді.

«Кейін бұл ұсыныстар Еңбек Адамының мүддесі және оларға лайықты өмір сапасын қамтамасыз етуге құқықтық алғышарт жасау мақсатында кәсіподақтардан сайланған Парламент Мәжілісінің депуттарына жіберілетін болады»,-деді Мұхтар Тінікеев.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы