ҚРКФ төрағасы С. Дәулеталин жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды

ҚРКФ төрағасының өңірге жұмыс сапары Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Орзалинмен кездесуден басталды.
Кездесу барысында ҚР Кәсіподақтар Федерациясы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудағы өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын айқындап, бірлескен шаралар қабылдауға келісті.

Кездесуде облыстағы әлеуметтік-еңбек саласының әлеуеті талқыланып, әлеуметтік әріптестік аясында бірлесіп атқарылатын бірқатар шаралар белгіленді.

«Бүгінде Қазақстан, бүкіл әлемдік қауымдастық сияқты, Ковид-19 пандемиясының таралуымен байланысты күрделі экономикалық жағдайда тұр. Нәтижесінде республикада еңбек даулары айтарлықтай өсті. Біздің мониторингке сәйкес, биыл республикада 28 еңбек дауы тіркелді. Олар негізінен кәсіподақтар жоқ кәсіпорындарда орын алып жатыр. Мәселен, еңбек даулары болған 28 кәсіпорынның тек 8-інде Федерацияның кәсіподақ ұйымдары бар. Қазіргі кезде еңбек ұжымдарының көтеріп отырған негізгі проблемалық мәселелері – жалақының төмендегі, өмір сүру деңгейінің нашарлауы, лайықты еңбек жағдайларының жоқтығы, шетелдік және отандық жұмысшылар арасындағы жалақының айырмашылығы», — деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Кездесуде жұмыскерлерді қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етуді күшейту қажеттігі қозғалды.
«Өкініштісі, жазатайым оқиғалардың, оның ішінде өліммен аяқталатын жазатайым оқиғалардың алдын алу әлі де мүмкін болмай тұр. 2020 жылы 2019 жылмен салыстырғанда артқаны байқалды. Мәселен, Ақтөбе облысында бұл көрсеткіш 11-ден 16 –ға көбейген», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
ҚРКФ төрағасы кәсіпорындарда тәуелсіз қоғамдық бақылау құралдарының бірі ретінде өндірістік кеңестерді құру мәселесінің маңыздылығын атап өтті.

«Қазір облыста жұмыс істеп тұрған 13 526 кәсіпорынның тек 950 кәсіпорны мен ұйымында өндірістік кеңестер бар. Қауіпсіздік және еңбекті қорғау стандарттары енгізілген облыстың 282 кәсіпорнының тек 20-сы ғана «Нөлдік жарақат» тұжырымдамасына қосылып, Мемлекет басшысының бастамасымен 2019 жылы «Халықтық бақылау» жобасын жүзеге асырды», — деді Сатыбалды Дәулеталин.
Оның ойынша, бұл өңірде жазатайым оқиғалардың жоғары көрсеткішіне алып келетін алғышарттардың бірі болып табылады.

Тағы да бір өзекті мәселе ұжымдық шарттарды бекіту жұмыстарын өзектендіру.

Бүгінде Ақтөбе облысында жақсы көрсеткіш қалыптасқан: осы жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша облыстағы кәсіпорындарды ұжымдық шарттармен қамту өткен кезеңмен салыстырғанда 18,6% -ға өсті және бүгінде ол 68,1% -ды құрайды (жұмыс істеп тұрған 13 526 кәсіпорынның ішінде 9 207-ге ұжымдық шарттар жасалған).
Әлеуметтік әріптестік мәселесіне де ерекше назар аударылды.
«Бұл бағытта біздің әлеуметтік әріптестермен бірге оң нәтижелер бар. Сонымен қатар, республикалық және аймақтық деңгейде шешуді қажет ететін бірқатар мәселелер де жоқ емес. Бұл, ең алдымен, жасалынатын ұжымдық шарттардың сапасы мен мазмұнына байланысты. Ұжымдық шарттардың сапасы мен мазмұны, олардың орындалуын кім бақылайды, олардың еңбек заңнамасына сәйкестігі және т.б. туралы бірқатар сұрақтар бар, сондықтан Федерация бұл бағытта еңбек инспекцияларымен бірлесіп жұмыс жасауымыз керек деп санайды», — деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Сонымен қатар, ол әлеуметтік әріптестер, оның ішінде өңірлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қарамастан, біз аймақтық үшжақты комиссиялардың мәртебесінің төмендегенін мойындауымыз керек дегенді айтты. Сондықтан Кәсіподақтар федерациясы аймақтық үшжақты комиссияларға әкімдер төрағалық етуі керек, аймақтық комиссиялардың көшпелі отырыстарын кәсіпорындар мен кәсіподақтар алаңдарында өткізу қажет деген ұсыныстарын жеткізді.
Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы облыс әкімшілігіне әлеуметтік әріптестік аясындағы жемісті ынтымақтастық үшін ризашылығын білдіріп, «Кәсіподақ өкілі» белгісін табыс етті.

«Бүгінгі меморандумды жүзеге асыру бойынша болашақта қабылданатын шаралар тек әлеуметтік, еңбек және экономикалық қатынастарды реттеуге байланысты мәселелерді уақытылы және тиімді шешуге ықпал ететініне сенімдімін», — деді Сатыбалды Дәулеталин.

Осы күні ҚРКФ төрағасы өңірдегі кәсіподақ белсенділерімен кездесті. Алдымен Сатыбалды Дәулеталин федерацияның 2020-2025 жылдарға арналған Стратегиясының қалай жүзеге асырылып жатқаны туралы әңгімелеп берді. Бұдан соң кездесуде Ақтөбе облысының тұрғындарын алаңдататын бірқатар мәселелер қамтылды.

Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев мәлім еткендей, өңірде 1181 бастауыш, 15 жергілікті және 10 салалық кәсіподақ ұйымы бар. Кәсіподақ мүшелерінің саны 132 мың. Оның 45 мыңнан астамы жастар. Жыл басынан бері кәсіподақ ұйымдарының саны артып, 7 жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған.

Кездесу соңында ҚРКФ төрағасы облыстағы бірқатар кәсіподақ белсенділерін Еңбек Адамының мүддесін қорғау мен кәсіподақ қоқозғалысының дамытудағы ұзақ жылғы жемісті еңбектері үшін алғыс хатпен марапаттады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы