«Қалың қалай, бастауыш ұйым?»: ҚРКФ басшылығы Талдықорғандағы қалалық көпсалалы аурухана ұжымымен кездесті

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Талдықорғандағы қалалық көпсалалы аурухана ұжымымен кездесті.


Кездесуге федерация басшылығымен бірге «Алматы облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әсет Қыдырманов, «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ төрағасы Сапарбек Дүйсенов және ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева қатысты.


2016 жылы құрылған аурухана 8 бөлімнен бөлімінен тұрады. Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлнәр Оразбаеваның сөзінше, ауруханада қызметкерлерінің жалпы саны 650. Оларың барлығы кәсіподаққа мүше. Жартысына жуығы 29 жасқа дейінгі жастар. Бастауыш ұйымы «SENIM» денсаулық сақтау қызметкерлерінің салалық кәсіподағы «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ-не кіреді.
Кездесу бұдан әрі ашық диалог форматында өтті. Еңбек ұжымын толғандыратын мәселер негізінен жалақы, қаладағы жас мамандарды баспанамен қамтуға қатысты болды. Жалақы мөлшеріне әсіресе, кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық персонал наразы. Бұны аурухана басшылығымен бірге «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ төрағасы да қуаттады. Сапарбек Дүйсеновтің айтуынша, қаңтар айында медицина саласы қызметкерлерінің жалақысы шамамен 20-30 %-ға көтерілгенімен, кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық персоналға өзгеріссіз қалған. 1 қаңтарда медициналық ұйымдарға жалақы қорын көбейтуге мүмкіндік беретін қызметтерге тарифтер де 15%-ға өскен. Жалақы осы тарифтердің есебінен көтерілді. Алайда қажетті материалдардың бағасы да қымбаттап, медициналық ұйымдардың шығындары артып отыр.
Жалақы мәселесінің өзге де салалар үшін өзекті болып отырғанын жеткізген ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева нормативті-құқықтық актілер өзгергенге дейін бұл мәселені тек ұжымдық шарттар мен салалық келісімдер негізінде шешуге болады дегенді айтты.
Бұл тұста «SENIM» «Денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» РҚБ төрағасы «коронавирус пандемиясы кесірінен медициналық ұйымдары жоспарлы көмектен гөрі жедел көмек көрсетумен айналысты. Бұл өз кезегінде жалақы қорына кері әсерін тигізді. Елдегі медициналық ұйымдардың басым бөлігі 2020 жылды қарызбен аяқтады. Сондықтан кіші буынды медицина қызметкерлері мен техникалық персоналдың жалақысын медициналық ұйымдар есебініне көтеру мүмкін емес. Бұл мәселені тек тарифтердің бағасын қайта қарау арқылы шешуге болады»,- деді. Әрі ол осы мәселені шешуге ҚР Парламент Мәжілісі депутаттарының да ат салысуын сұрады.
Өз кезегінде Екатерина Смышляева сала мамандарының нақты ұсыныстарын депуттатық сауал ретінде құзырлы мемлекеттік органға жолдауға уәде берді.
Қаладағы медицина ұйымдарында жүрген жас мамандарды баспанамен қамту бойынша сөз алған ҚР Парламент мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева облыстағы атқарушы орган тарапынан жергілікі бюджет арқылы шешу жолдарын түсіндіріп берді. Сонымен қатар, бұл мәселені мемлекеттік бағдарламалар аясында да шешуге болатынын айтты. Әрі сәуір айында тұрғын-үй саясаты бойынша жаңа тұжырымдама бекітілгеннен кейін түсіндіру жұмыстарын жүргізуге дайын екенін жеткізді.
Кездесуді қорытындылаған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясындағы кездесулердің барлығында жұмыскерлердің бірінші кезекте жалақы мәселесін көтеретінін айта келе, Кәсіподақтар федерациясының осы бағытта қолға алып жатқан жұмыстарын әсіресе, медицина қызметкерлерінің мүдделерін қорғау жөніндегі бастамаларын жеткізді.
«Біз таяуда бекітілген Бас келісімге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіру нормаларын енгізе алдық. Сонымен қатар, Ең төменгі жалақы мөлшерін кезең-кезеңмен көбейту, меншіктің барлық формасындағы кәсіпорындардағы жұмыскерлердің жалақысын индекстеуді заңнамалық тұрғыдан бекіту, «Дамушы елдерді ерекше ескере отырып, ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 Конвенциясын ратификациялауды қарастыратын жұмыс тобы құрылады ҚРКФ-ның еңбекке ақы төлеу жүйесін жетілдіру туралы ұсыныстары осы топтың отырыстарында қаралатын болады. Медицина қызметкерлерінің мүдделеріне келсек, біз аралас салаларда жұмыс істейтін мамандардың салалық тиістілігін белгілеу туралы мәселені шешу қажеттігі туралы бастама көтердік, сала мамандарының табыс деңгейіндегі алшақтықты жоюға, сондай-ақ жалпы бюджет саласында еңбекке ақы төлеу жүйесін қайта қарауға, соның ішінде базалық лауазымдық жалақыны ең төменгі жалақыға ауыстыруға шақырып отырмыз»,-деді Мұхтар Тінікеев.
Сонымен қатар, ол жоғары заң шығарушы органға кәсіподақтар тарапынан алғаш рет 5 өкілдің кіргенін еске салып, «бұл үлкен күш, біз өз иделяларымызды заңдарға осы депутаттар арқылы енгіземіз. Қазір федерацияда қолданыстағы Еңбек кодексі мен «Кәсіптік одақтар туралы» заңды жетілдіру бойынша жұмыс топтары құрылған. Егер ұсыныстарыңыз болса, осы жұмыс топтарына белсенді қатысуларыңызды сұраймыз. Депутат – халықтың үні. Олар жоғары жаққа Еңбек Адамының жанайқайын жеткізеді деген сенімдемін»,-дегенді айтты.
Естеріңізге салайық, Мемлекет басшысы биылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңімен өсіруді  міндеттеді.  Ресми мәліметтерге сәйкес, бұл мақсаттарға 2021 жылы 222 миллиардтан астам теңге қарастырылған. Алайда, «Senim» салалық кәсіподақ мүшелерінен түскен көптеген өтініштерге қарағанда  бірқатар денсаулық сақтау ұйымдарында жалақы бүгінге дейін өсірілген жоқ. Осыған орай ҚРКФ 5 наурызда түрлі деңгейдегі әлеуметтік әріптестерге салалық келісім шарттарының орындалуын қолдауды және оның нормаларын жүзеге асыру бойынша шұғыл шаралар қабылдауды сұрап, үндеу жариялады.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы