Бастауыш кәсіподақ ұйымы жылында әлеуметтік сала қызметкерлері де белсенділік танытпақ

2021 жылдың 17 наурыз күні Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының онлайн-медиа желісінде «Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы» КММ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Тарбия Галиева байланыста болды. Сұқбат барысында өзінің кәсіподақ ұйымы туралы әңгімені тарқата келе, ол:

– Мемлекеттік мекемеде қызмет ететін болғандықтан еңбек саласы бойынша қызметкерлердің құқықтары өте жақсы қорғалған деп айта аламын. Еңбек қатынастарындағы бұл тыныштықтың өміршеңдігіне біздің кәсіподақ ұйымымыз да ат салысып келеді. Дәл қазіргі біздің басты миссиямыз – ұжымдағы бірлікті нығайту, еңбек күшінің жақсы көңіл-күйіне себепші болып отыру. Бұл бағыттарда біздің бастауыш кәсіподақ ұйымымызда әртүрлі іс-шаралар өткізіліп тұрады. Тұрақты түрде, әр жыл сайын жазғы және қысқы демалыстар, спорттық жарыстар, қайырымдылық шаралар ұйымдастырамыз. Қайырымдылық шара дегеннен шығады, еліміздегі соңғы жылдардағы ахуал көптеген тұрғындарда жағымсыз әсерлермен есте қалуда. Бұл орайда, кәсіподақ мүшелері қаламыздың әлеуметтік осал топтарына материалдық көмектер беріп, азық-түлік кәрзеңкелерімен қолдауларын білдіріп келеді және әлеуметтік саланың қызметкерлері бұл бастамаларын әрі қарай да жалғастыратын болады, – деді.

Бүгінгі таңда, аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымында 159 кәсіподақ мүшесі бар. Еңбек ұжымының жетекшісі Тарбия Аманғалиқызы кәсіподақ қозғалысының белсенді көшбасшыларының бірі. Еске сала кетсек, 2020 жылы ҚРКФ-ның ұйымдастыруымен өткен «Кәсіподақ маған не берді?» мақала жазу байқауында Тарбия Аманғалиқызы жеңімпаз атанып, марапатталған болатын. Сонымен қатар, аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымында «Келешек» жастар кеңесінің де белсенді өкілдері бар.

#kasipodaqkz
#БКҰ21