Уақытша әлеуметтік баспанадағы бастауыш кәсіподақ ұйымы бірқатар іс-шараларды жүзеге асыруда

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі жанынан құрылған «Өмірлік қиын жағдайда қалған адамдарды әлеуметке қосу орталығы» 2001 жылдан бастап жұмыс істейді. Мұнда белгілі бір тұрғылықты жері жоқ немесе панасыз қалған адамдарға әлеуметтік қызмет көрсетіледі.

Орталық 180 адамға арналған. Сонымен қатар түнгі бөлім 50 орынмен жабдықталған. Үш мезгіл ыстық тамақ беріледі. Таза төсек-орын және гигиеналық заттармен қаматамасыз етілген. Мұнда алғашқы дәрігерлік көмек, әлеуметтік-психологиялық бөлмелері жұмыс істейді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Сәния Шайкенованың айтуынша мекемеде еңбек ететін 70-ке жуық қызметкерлердің барлығы кәсіподақ мүшелері. Мекеме мамандары тәртіп пен тазалықты қадағалап, қызмет алушылардың денсаулығын бақылауда ұстайды. Кәсіподақтардың жұмысында мәдени-көпшілік және еңбек құқықтарын сақтау жөніндегі шараларға көп көңіл бөлінеді. Қызметкерлерге мерекелі күндерде ғана емес, тұрақты түрде материалдық көмектер көрсетіліп тұрады.

2020 жылы орталықтың күндізгі бөліміне мыңға жуық адам қабылданып, түнгі бөлімінде 4823 адамға әлеуметтік көмек көрсетілген. Ал жыл басынан бері 2000 мыңдай адам көмек алыпты. Әсіресе қыс айларында келушілер саны артады екен. Олардың арасында еліміздің басқа облыстары мен шетел азаматтары да кездеседі.

2012 жылдан бастап “Әлеуметтік патруль” мобильді қызметі мен диспетчерлік пункттің жұмысы ұйымдастырылған. Қызмет алушыларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету үшін елордалық ұйымдар мен ведомстволармен ынтымақтастық туралы 10 меморандумға қол қойылыпты.

Қызмет алушылар үшін көптеген мәдени-бұқаралық іс-шаралар карантинге байланысты онлайнға ауыстырылған. Қазір орталықта радио хабарлама жұмыс істейді, ол арқылы дәрістер оқылады, құттықтаулар, музыкалық сағаттар беріледі. Сонымен қатар акт залында дойбы, шахмат ойындары, музыкалық аспаптар бар. Қызмет алушылар осында бос уақытын өткізе алады.