Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінде «Жаһандану үдерісіндегі білім, ғылым және тәрбие» тақырыбында «Байтанаев оқулары – 9» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы онлайн форматта өтті.
Конференцияға алыс-жақын шет елдің ғалымдары, оқу орнының профессор-оқытушы құрамы және ғалым Әбіш Байтанаевтың қызы Орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының доценті, ф.ғ.к. Динаида Байтанаева-Молдалиева қатысты.
Дина Әбішқызы ғалымның «Абай жолы» роман-эпопеясының көркемдік ерекшеліктері туралы ғылыми-зерттеу жұмысына шолу жасады.
2012 жылдан бастау алған «Әбіш Байтанаев оқулары» бүгінде дәстүрге айналған. Ә.Байтанаев бұл оқу орнында 1947 жылдан 1988 жылға дейін 41 жыл еңбек етті. Әбіш Байтанаев студенттерге тек білім беріп қана қоймай, әдебиетті сүйген, өлең жазатын, көркемсөз оқитын жастарды айналасына жинап, олармен тікелей үйірме жұмыстарын жүргізіп, өлеңдерін, шығармаларын талдап, келешек шығармашылық жұмыстарына жол сілтеп, республикамыздың белгілі азаматтары болып қалыптасуына өз септігін тигізді.
Олардың қатарында белгілі академиктер Абдуали Қайдар, Мәлік Асылбеков, Мекемтас Мырзахметов, Әбсаттар Дербісалиев, ақын-жазушылар Мамытбек Қалдыбаев, Ысрайыл Панзабеков, Қазыбек Тажиев т.б. бар. 1956 жылы ҚазМУ-дің Ғылыми кеңесі мәжілісінде «Жамбыл лирикасының идеялық-көркемдік ерекшеліктері» тақырыбында диссертация қорғап, институттың ең бірінші филология ғылымдарының кандидаты атағын алды. Әбіш Байтанаев – 1971 жылы ҚазМУ-дың Ғылыми кеңесі мәжілісінде «Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын жазудағы шеберлігі» тақырыбында докторлық диссертация қорғап, филология ғылымдарының докторы, профессоры атағына ие болған ең алғашқы тұлға.
Конференция материалдары ретінде ғалым-ұстаздың ғылым көкжиегіне қосқан үлесі мен ұстаздық дара жолы туралы, сонымен қатар білім мен ғылымның дамуына үлес қосатын 300-ге жуық мақала жинақталды.