ҚРКФ өкілдері кәсіподақ көшбасшыларымен кездесті

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы» ҚБ-нің төрайымы Айгүл Мұқашева және салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының белсенділерімен кездесті.

Жиынға облыстағы кәсіподақ көшбасшылары, кәсіптік-техникалық, орта және қосымша білім беру мекемелерінің бастауыш кәсіподақ төрағалары, кадр жөніндегі мамандар қатысты.

Кездесуде Айгүл Мақсатқызы салалық кәсіподақ жұмысына жан-жақты тоқталып, алда атқарылатын жұмыстар туралы баяндады. Салалық деңгейде білім және ғылым саласы қызметкерлері үшін еңбек жағдайын, жұмыспен қамтуды және әлеуметтік кепілдіктерді белгілеу жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестік туралы мағлұмат берді.

Осыдан кейін жиын сұрақ-жауап форматында жалғасты. Қатысушылар тарапынан кіші қызметкерлердің, мектеп кітапханашыларының жалақысын арттыру, емдеу-сауықтыру жәрдемақыларын төлеу, қосымша жүктеме үшін төленетін ақы сияқты көптеген сұрақтар қойылды.

Жиын соңында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы А.Мұқашева Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бас маманы, құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиевті «Білім кәсіподағына сіңірген айырықша еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.