Салалық кәсіподақ “Наурызнама” атты бастаңғы ұйымдастырды

Темір ауданында Қызмет салалық кәсіподағы Ақтөбе филиалына қарасты аудандық кәсіподақ комитеті мен аудан әкімдігінің қолдауымен «Алтықарасу» мәдениет үйінде Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында “Наурызнама” атты бастаңғы өтті.

Шарада мәдениет үйінің қызметкерлері асық ату, қол күрес, аударыспақ, арқан тартыс сияқты ұлттық ойындар ойнатып, наурыз көже қойылған дастархан басында ән шырқады.

Сонымен қатар, республика көлемінде өткізіліп жатқан “Ақ орамал” акциясы аясында ақ жаулықты әжелер, ардақты аналардың жас келінге ақ орамал салу рәсімін жасап, елге сыйлы, әулетке құрметті, 8 баласы өсіп-өнген, 82 жастағы Инербаева Тұрсынай әже жас келін жақында ғана 4 сәбиін жарық дүниеге әкелген Шаттық Сағыноваға өзінің жолын берсін деген ниетте басына ақ орамал тағып, батасын берді.

Мерекеге арнайы келген аудан басшысы С.Аманбаевқа Назым есiмдi сәбидiң тұсауын кесу құрметi ұсынылды. Елдің жақсылары мен жиналған өнерпаздар тәй-тәй басқан баланың қадамына сәттілік тілеп, ән мен жырдан шашу шашты. Дәстүрлi әндер шырқалып, күмбiрлеген күй төгiлдi. Соңында мәдени шараға келушiлер ұлттық тағамдардан ауыз тидi. Шара барысында барлық санитарлық шара сақталды.