Аудандық аурухана қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымымен кездесу өтті

«SENIM» Батыс Қазақстан облыстық филиалының кәсіподақ төрағасы Махамбет Құсайынов мереке қарсаңында жұмыс сапары аясында Сырым, Қаратөбе және Шыңғырлау аудандарындағы ауруханаларда болды. Жұмыс сапарлары барысында санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізіліп, бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларының есептері тыңдалды.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының назарларына 2020 жылы атқарылған жұмыс қорытындылары айтылып, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының «30 игі іс» акциясы және ҚРКФ-ның 2021 жылды бастауыш кәсіподақ ұйымы жылы деп жариялағаны туралы ақпараттармен және жұмыс жоспарларымен бөлісті.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруға және сақтандыруға қатысты маңызды мәселелер түсіндіріліп, мониторигтік жұмыстар туралы айтылды. Аталмыш кездесу әрі қарай аудандық ауруханада қызмет ететін жас мамандармен өткізілді. Кездесу барысында ҚРКФ-ның жастарды қолдау саясаты туралы ақпараттар беріліп, «SENIM» кәсіподағының басым бағыттары талқыланды.

Бастауыш кәсіподақ ұйымдарында өткен кездесулерден соң, салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы аудан әкімшіліктерімен кездесіп, денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығы және сала мамандарының әлеуметтік мәселелерін көтеріп, ұсыныстарын жеткізді.