Ақтөбеде кәсіподақ орталығының жетекшісі ереуілге шыққан мұнайшылар талабын оң шешуге ықпал етті

Ақтөбе облысы Көкжиде кенішіндегі «КМК Мұнай» компаниясының жұмыскерлері 25 наурызда тағы да ереуілге шығып, жаңадан кәсіподақ ұйымын құрып, бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасын сайлаудың ашық өтуін талап еткен болатын. Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев Көкжиде кенішіне барып, жұмыскерлердің талаптарын тыңдап, олардың ұсыныстарының оң шешілуіне ықпал етті. Көпшілік дауыс беруімен бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы болып, осы кеніште алты жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан мұнайшы Ержан Еламанов сайланды.

«Біз қарапайым жұмыскерлердің талап-тілектеріне кәсіподақ бірлестігі тарапынан үнемі қолдау танытамыз. Бастысы- кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтарының заң аясында сақталуы», – деді Ақтөбе облысы кәсіподақтар аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев.

Жұмыскерлер талабы орындалды. Ереуіл тоқтап, мұнайшылар жұмыстарына кірісті.

Ақтөбе облысында 2004 жылы тіркелген бұл компанияның жұмыскерлері биылғы жылдың қаңтар айында 7 күн бойы ереуілге шығып, жұмыс берушіге төрт талап қойды. Соның ең бастысы – жалақыны 100 пайыз көбейту. Бұған қоса олар жатақхананы жөндеп, аз мәзірін жақсартуды, ереуілшілерге қысым жасамауды, кәсіподақты қайта сайлауды талап еткен болатын.