Хромтауда кәсіподақ «Наурыз – игілікті істер айы» шарасына ауқымды үлес қосты

Наурыз айы – жақсылық пен мейірімділіктің артатын уақыты. «Қазхром» ТҰК» АҚ филиалы Дөң тау-кен байыту комбинатының қызметкерлері Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ізгілікті істердің қатарын көбейтті.

Дөң тау-кен байыту комбинатының технологиялық зертхана ұжымы Наурызда Хромтау ауданындағы отбасы үлгісіндегі балалар үйіне барды. Ондағы тәрбиеленушілерге мереке қарсаңында көтеріңкі көңіл-күй сыйлау мақсатында сыйлықтар мен қажетті канцелярлық тауарлар мен шаруашылық заттарын алу – зертхананың жас маманы Қарлығаш Қайырмағамбетованың идеясы болатын. Зертханашылар кездесу кезінде өздері дәмді дастархан жайып, Наурыз мерекесінің асы – Наурыз көже дайындап, балалардың бір күнін қызықты етіп өткізді.

– Балалардың барлығы бізді қуана қарсы алды, – дейді технологиялық зертхананың кәсіподақ көшбасшысы Зоя Чигак. –Олардың шаттанғандарын көріп, өзіміз де қуанып қалдық.

Жылы кездесуден соң, комбинат қызметкерлері шуақты көктемде балаларға ыстық тілектерін тілеп, тарқасты.

Дөң тау-кен байыту комбинатының тағы бірқатар цехтары ” Наурыз-игілікті істер айы” акциясына қосылды. Кәсіпорынның “Дөң” кеніші қызметкерлері цехтарында бұрын қызмет еткен үш ардагеріне және үш көпбалалы әріптестеріне азық-түлік қорабын жеткізіп берді. Қорап ішіне азық-түлік жиынтығы мен тәттілер салынған.

Наурыз мерекесі қарсаңында цех атынан жеткен құттықтау мен игі істеріне отбасылар мен ардагерлер алғыстарын жаудыруда.

Ал комбинаттың “Молодежная” шахта ұжымы мерекеге орай қайырымдылық акциясын өткізген еді. Оған шахтаның қыз-келіншектері тәтті бәліштер мен қолдан жасалған тағамдар, қолөнер бұйымдарын дайындаған болатын. Бұл қайырымдылық акциясынан түскен қаражат балалардың еміне және көмеке мұқтаж “Молодежная” шахтасының ардагерлеріне жұмсалады. Цехтағы кәсіподақ комитеттерінің бастамасымен өтетін мұндай шаралар жиі жүріп отырады.

Әр жыл сайын “Наурыз – игі істер айы”акция аясында талай отбасыға қуаныш пен мейірім сыйлайтын комбинаттықтардың қайырымдылық шаралары мұнымен шектелмейді.