ҚРКФ «30 Еңбек Елшісі» жобасы: идеялардан тиімді жүзеге асыруға

«30 Еңбек Елшісі» республикалық кәсіподақ жобасы қатысушыларының Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясындағы екінші күні бірқатар оқу іс-шаралары мен кәсіподақ көшбасшыларымен, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласындағы көрнекті мамандармен кездесулерге толы бағдарламамен жалғасты.

Жас кәсіподақ көшбасшылары «Еңбек заңнамасының негіздері» семинар-тренингіне қатысты.


ҚРКФ ұйымдастырушылық бақылау жұмысы жөніндегі директордың орынбасары Ләззат Есжанова семинар тренері ретінде сөз сөйлеп, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне енгізілген негізгі өзгерістер мен толықтырулар туралы, сондай-ақ еңбек заңнамасын қолдану тәжірибесі және кәсіподақ ұйымдары жұмысының құқықтық негіздері туралы егжей-тегжейлі айтып берді.

Тренингке қатысушылар практикадан алынған нақты мысалдарды қолдана отырып, еңбек заңнамасының жиі кездесетін бұзушылықтарымен және жұмысшылардың құқығын қорғаудың кәсіподақ механизмдерімен танысты.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы салалық кәсіподақтарының төрағаларымен коучинг-сессиялар аясында құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық жұмысшылары салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Құсейн Есенғазин және «YNTYMAQ» шағын және орта бизнес қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Қайрақбай Жаңабеков жас кәсіподақ көшбасшыларына өз тілектерін арнады.

Спикерлер ҚРКФ жастар жобасының жеңімпаздарын құттықтап, олардың жаңа миссиясының кәсіподақ қозғалысының қызметін кеңінен насихаттау тұрғысынан маңыздылығын атап өтті.
«Кәсіподақтардың қатары белсенді, прогрессивті, шығармашыл, талантты жастармен толығуда. Кәсіподақтардың болашағы дәл осы жастардың қолында. Әрі қарай мықты кәсіподақ құру үшін берік негіз қалау өте маңызды. Дәл осы мақсат үшін біз мұнда еліміздің барлық аймақтарынан 30 жас кәсіподақ көшбасшыларын жинадық, олар болашақта кәсіподақ құндылықтарын насихаттап, Еңбек адамының мүдделерін қорғау идеяларын алға тартады», – деп атап өтті Құсейн Есенғазин.

Қайрақбай Жаңабеков өз кезегінде Кәсіподақтар федерациясының мақсаттары мен міндеттеріне, сондай-ақ ҚРКФ жастар қозғалысын дамыту бастамаларына тоқталды.

«Кәсіподақ ұйымдарының қызметі әлеуметтік-еңбек қатынастарын жақсартудың маңызды құралы болып табылады. Кәсіподақтардың негізгі міндеті – жұмысшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Еңбектің маңыздылығын түсіну – Еңбек адамы ең жоғары мәртебеге ие болуы керек қоғамның қажетті төлсипаты. Біз бірлескен күш-жігермен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған стратегиясында көрсетілген алға қойылған мақсаттарға жететінімізге сенімдімін», – деді ол.

«30 Еңбек Елшісі» жобасының қатысушылары мен жеңімпаздары жұмысшы жастарды қолдағаны және кәсіподақтардың қызметіне жас кәсіподақ көшбасшыларын белсенді қатыстырғаны үшін ризашылықтарын білдірді.

Сонымен қатар, «Келешек» ҚРКФ Жастар кеңесінің отырысы кезінде «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпаздары бірлесіп оны жүзеге асырудың жоспарын жасады.


Жоба бес бағыт бойынша жүзеге асырылады: лайықты еңбек жағдайлары, сау жұмыс орындары, құқықтық сауаттылық, soft-skills дамыту және кәсіподақ ұйымдастырушысы. Әр бағыт бойынша бірқатар іс-шаралар белгіленіп, бүкіл ел бойынша кең ақпараттық және түсіндіру жұмыстарын жүргізу көзделді.

“Жеке бренд” тренингінде қызу пікірталас болды, оның спикері “Green TAL” әлеуметтік шеберханасының жетекшісі және әлеуметтік кәсіпкерлік мектебінің негізін қалаушы Эмин Аскеров болды.
Кездесу барысында Эмин Аскеров жеке бренд құрудың практикалық негіздерімен таныстырды, жеке бренд жас лидердің жеке өсуіне қалай әсер ететіндігін айтып берді, сонымен қатар әлеуметтік кәсіпкер ретіндегі тәжірибесімен бөлісті.


Кездесулердің соңында қатысушылар қызығушылықпен өткізілген іс-шаралардан алған әсерлерімен бөлісті.

«ҚР Кәсіподақтар федерациясының «30 Еңбек Елшісі» жобасы аясында еңбек заңнамасының негіздері бойынша «Кәсіподақтарды ұйымдастыру» , «Жеке бренд» тақырыптарында тренингтер өткізіліп, пайдалы, сенімді ақпарат алдық. Ашық диалог барысында кәсіподақ көшбасшысына қажетті қасиеттерді талқыладық, қатысушылардың күшті және әлсіз жақтарын талдадық», – деді Қарағанды ​​облысы Кәсіподақтар орталығы «Келешек» жастар кеңесінің төрағасы Айжан Тәубебаева.

«Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен қолға алынған «30 Еңбек Елшісі» жобасы – бұл жұмысшы жастарды. қолдау мен дамытудың бұрын-соңды болмаған шарасы. Жоба болашақта кәсіподақ идеологиясы мен кәсіподақ құндылықтарының жетекшісі болатын жас кәсіподақ көшбасшыларының ішінен жаңа есімдерді анықтауға мүмкіндік берді», – деді Павлодар облысы Кәсіподақ орталығының “Келешек” жастар кеңесінің төрағасы, Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Гүлзира Атабаева.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы