Өздеріңізге мәлім, ҚР Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, ҚР Кәсіподақтар федерациясы “30 ЕҢБЕК ЕЛШІСІ” республикалық кәсіподақ жастары жобасын жариялаған болатын. Батыс Қазақстан облысы атынан аталмыш жоба жеңімпаздары болып екі үміткер анықталды. Олар: М.Өтемісов атындағы БҚУ қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мерген Сүлейменов, “БҚО Кәсіподақтар Орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігі жанындағы “Келешек” жастар кеңесінің төрайымы Ақерке Шайқы.
2021 жылдың 25-26 наурыз күндері аралығында Нұр-Сұлтан қаласында жоба жеңімпаздарының алғашқы кездесуі өтті. ҚРКФ Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев жеңімпаз атанған кәсіподақ жастарын құттықтап, дипломдарын табыстады. Кәсіподақ аға буындарының құттықтау тілектерінен соң, жоба жеңімпаздары ҚР Парламенті мен ҚР Үкіметінен келген өкілдермен кездесті. Кездесу барысында жастар өз пікір-ұсыныстарын білдіріп, ашық диалог алаңын жасады. Екі күнге ұласқан республикалық шарада жастар өкілдері түрлі тақырыптарда жүргізілген оқытуларға қатысып, тың ақпараттармен қамтылды. Тарқатар болсақ, білікті лектор, тренер Ляззат Есжанованың жетекшілігімен “Еңбек заңнамасының негіздері” тақырыбында және ҚРКФ-ның оқу орталығының директоры Нұрлан Досымовтың жетекшілігімен “Презентациялық дағдылар” тақырыбында семинар-тренингтер өткізілді.
Шара соңында, әр аймақтан келген қатысушылар өздерінің жеке қабілеттері мен тілектеріне қарай, жобаның бес бағыты бойынша топтарға бөлінді. Батыс Қазақстан облысы атынан барған жастар өкілдері Мерген Сүлейменов ораторлық бағыт бойынша жұмыс атқаратын болса, Ақерке Шайқы ақпараттық-медиа саласы бойынша жұмыс жасайтын болады.
Еңбектің елшісі атанған кәсіподақ жастарына алдағы абыройлы да, жауапты миссияларын орындау жолында сәттіліктер тілейміз!