Жас маман ісімен көпке үлгі

«Казхром» Трансұлттық компаниясына қарасты Ақтөбе ферроқорытпа зауытының ұжымы, кәсіподақ комитеті мен жастар кеңесінің белсенділері «Наурыз – қайырымды істер айы» акциясы аясында бір ай бойына мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, көмектесіп келеді. Әсіресе, жастар қарттардың ауласын, үйлерінің шатырын қардан тазартып, көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетіп, азық-түлік себеттерін таратты.

«Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жас маманы, кәсіподақ мүшесі Ернар Баярыстанов осы қайырымды істерге ерекше атсалысты. Ол зауыттың ерікті жастарының қатарында үнемі ізгі істерге қатысып жүреді. Біз осындай белсенді әрі еңбекқор жастарымызды үнемі қолдаймыз», – дейді зауыт кәсіподақ комитетінің төрағасы Сапарғали Мұқашев.

Ернар Баярыстанов зауытта еңбек жолын қарапайым жұмысшы ретінде бастаған. Аздаған жылдар ішінде еңбекқорлығы мен ізденісі, талпынысы мен жауапкершілігі арқасында біраз жетістіктерге жетті. Жуырда Ернардың белсенділігін жоғары бағалап, компания басшылығы тарапынан анасына алғыс хат табыс етілген.

Ернар Баярыстанов ERG тарапынан ұйымдастырылған ірі жобаларға үнемі атсалысады. Осыдан үш жыл бұрын өткен «Кәсібилер лигасы» жобасында белсенділік танытты. Пандемия кезінде де зауыт еріктілері қатарында қайырымдылық шараларға атсалысты. Жаңа жыл қарсаңында зауыттың мейірімді Аяз атасы ретінде балаларға сыйлықтар таратуға да қолқабыс етті.

Ернар «Казхром» компаниясы басшылығы мен зауыт директоры және кәсіподақ жетекшісі тарапынан жастарға үлкен қолдау барын айтады.

«Бізде білімізді жетілдіруге, жұмыста жаңа технологияларды игеруге, ізденуге көп мүмкіндіктер бар. Сонымен қатар жастар кеңесі тарапынан да Ақтөбе қаласы мен облысы, республика көлеміндегі ауқымды жобаларға қатысуға да жағдай жасалған. Мен қолымнан келгенше қайырымдылық істерге атсалысқанды ұнатамын», – дейді жас маман.

ERG кәсіпорындарында осымен алтыншы жыл қатарынан «Наурыз – қайырымды істер айы» акциясы табысты өтуде. Ернардай жастар осындай игі істердің басы-қасында жүр.