Кәсіподақ ұйымының негізгі жұмысы – Еңбек адамының құқын қорғау

Білім және ғылым саласы қызметкерлерінің кәсіподақ бірлестіктерінде мектеп мекемелерінде құрылған бастауыш кәсіподақ ұйымдарының орны ерекше. Себебі, оқушылармен жұмыс жасайтын мамандардың жұмыс ептілігі мен белсенділігі қоғамымыздағы әлеуметтік қатынастарда, еңбек заңнамаларының функционалдық міндеттерінде ерекше рөлге ие.

Бұл туралы ой-пікірді 2021 жылдың 1 сәуір күні Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының медиа-байланыс желісінде Д.Қонаев атындағы №44 мектеп-гимназиясы қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Құралай Темірбаева тарқатқан болатын.

Өздеріңізге мәлім, 2021 жыл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының бастамасымен «Бастауыш кәсіподақ ұйымы» жылы болып жарияланған еді. Сәйкесінше, «БҚО Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігі дәл қазіргі таңда, өңірдегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарымен тығыз қарым-қатынас орнатып, белсенді жұмыстар жүргізуде. Аталмыш бастауыш кәсіподақ ұйымының құрамында 205 қызметкер бар. Ұжымның бірлігін ұстап, кәсіподақ мүшесінің талабын қорғап отырған белсенді жетекші Құралай Хабибуллақызы өз сөзінде:

– Соңғы ақпарат көздерінен вице-премьер Ералы Тоғжановтың денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында қызмет ететін барлық санаттағы мамандардың жалақысының көтерілетіндігі туралы мәлімдемесін оқып тағы бір қуанып қалдым. Бұл кәсіподақ үшін жеңіс. Себебі, бұл жаңалықтың артында кәсіподаққа бірнеше мәрте шағымданып келген мамандардың өтініштері мен кәсіподақ ұйымдарының заң шығарушы органдарға жолдаған бірнеше үндеулері тұрғаны жасырын емес. Еңбек адамының уайымсыз қамы үшін біз де кәсіподақ қозғалысының бір кірпішіндей қаланып, жұмыстанып келеміз және бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады, – дейді ол.

Белсенді бастауыш кәсіподақ ұйымында бірқатар қызықты, әрі креативті іс-шаралар өткізіліп отырады. Соның бірі жас мамандарға арналған «Үйренейік, ізденейік, жас маман» шарасы. «Мектеп қабырғаларында ашылған кәсіподақ ұйымдары қызметкерлердің көңіл-күйіне ғана емес, жұмыс сапасының да күйіне себепші болу керек», – дейді бірлестік жетекшісі.