Кәсібіне шынайы берілген әулеттің жалпы еңбек өтілі – 427 жыл

Арыс қаласы маңындағы бұрынғы Қабылсай бекетінде тұратын Жаңабай қария бастаған теміржолшы әулетінде осы салада 17 адам жұмысын бастап, бүгінде 14-і жалғастыруда. Яғни, 7 ұлы мен екі келіні және 5 немересі ата кәсіпті меңгерген. Олар Шымкент, Алматы, Арыс белгі беру және Байланыс дистанцияларында жұмыс істейді. Әулеттің жалпы еңбек өтілі – 427 жыл.

Теміржол кәсібін бірінші бастаған Жаңабай қария соғыс уақытында жастай тылда еңбек еткен. Одан соң Арыстағы Теміржолсу мекемесінде 36 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты. Аналары Райхан Қабылсай бекетіндегі теміржолшылар моншасында 17 жылын кассирлікке арнаған.

Үлкен ұлдары Тазабек Жаңабаев – теміржол саласының ардагері, еңбек жолын 1970 жылы бастаған. Арыстағы белгі беру және байланыс стансасында 46 жыл бойы табан аудармай, тер төкті. Қарапайым жол монтерінен бастап, теміржол саласында басшы лауазымына дейін көтерілген. Қазір – зейнетте. Екі қызы мен ұлы да әке жолын қуған.

Екінші ұлдары Панзарбек Жаңабаев – 1978 жылы аталмыш байланыс саласында, 1983 жылдан бері Шымкент жол бөлімшесіндегі диспетчерлік орталықта Арыс-Сарыағаш телімі бойынша электрмеханик. Бір қызы Шымкенттегі Белгі беру, орталықтандыру және бұғаттау дистанциясында жұмыс істейді.

Қара шаңырақта қалған ұлдары Досымбек “Теміржолсу-Арыс” мекемесінде әкесінің бұрынғы қызметін атқарса, 1986 жылы Арыс ШЧ мекемесінде жұмысын бастаған ұлы Айнабек  1989 жылы Электрмен жабдықтау дистанциясына ауысады. Қазіргі таңда ұлы да теміржолшылармен біте қайнасып жұмыс жасайтын Желілік ІІБ-де тәртіп сақшысы. Жүнісбек пен Кенжебек Арыс ШЧ мекемесіндегі құрылғыларды бақылап өлшейтін пункттің (КИП) электр механиктері.

Айта кетейік, Жаңабаевтар әулетінің жеке өз футбол командасы бар. Бұл команда белгілі журналист Несіп Жүсіпбаевтың бастауымен жыл сайын “Бір атаның балалары футбол ойнайды” атты республикалық турнирге қатысып тұрады. Тартыс 32 команда арасында өтіп келеді. Соның ішінде ҚТЖ атыннан турнирге тек осы отбасылық қатысады.

Жаңабаевтар әулетіне 2016 жылы Шымкентте өткен “Еңбек күні” облыстық форумында “Үздік еңбек әулеті” марапаты табысталды. 2017 жылы “Мерекелік отбасы” конкурсына қатысып, облыс әкімінің грамотасына ие болған.