Жас та болса, еңбегімен өнер сүйер қауымға танылып үлгерген ізденімпаз әртіс Нұрсұлтан Айтқалиевты кәсіби мерекеде Салалық кәсіподақ құттықтады.
Кәсіподақ жетекшісі Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрының әртісі Нұрсұлтан Айтқалиевке ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің “Мәдениет саласының үздігі “ төсбелгісін табыстады.
«Біз бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің еңбегін елеп, ескеріп, оларды әркез қолдап отырамыз. Жиырма жыл бойына театрда тынымсыз еңбек етіп, өзінің актерлік шеберлігін шыңдап, талай кесекті образдарды көркем сахналаған, ең бастысы өз ісіне адал берілген осындай еңбек адамдарын өзгелерге үлгі ету – біздің парызымыз», – деп атап өтті салтанатты жиында ҚР Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат саласы қызметкерлерінің Салалық кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалының жетекшісі Назира Табылдинова.
Нұрсұлтан Айтқалиев Т.Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық драма театрында 2001 жылдан бастап еңбек етіп келеді. Актерлік шеберлігімен қатар әншілік даусымен ерекшеленетін, суырып-салма ақындық таланты бар ол 60-тан аса рольдерді сомдады. Р.Отарбаев «Темір Нарком» тарихи драмасында Ғ.Мүсіреповті, Н.Гоголь «Ревизор» комедиясында қызметшіні, С.Қасымбектің музыкалық драмасында (реквием) «Снайпер» Николай Семёновичті, С.Ахмад «Келіндер көтерілісі» комедиясында Махкамтас, бухгалтерді, С.Мұқановтың «Мөлдір махаббат» драмасында Мәмбетқожаны, М.Әуезов «Ерназар Бекет» тарихи драмасында Жаңғазының және т.б. көптеген қойылымдарда керемет рөлдерді сомдап келеді.
Нұрсұлтан басты рөлдермен қатар қосалқы рөлдерді де ойнайды. Көрермен көзайымына айналған Нұрсұлтан Айтқалиев 2006 жылы Р.Отарбаевтың «Нашақор жайлы новелла» драмасындағы Жалқытай рөлі үшін «Дебюттік рөл» номинациясымен, 2007 жылы «Өнердің құдіретті күші» фестивалінде Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектакліндегі Қозы Көрпеш рөлі үшін «Ең үздік ер рөлі» номинациясымен және басқа да көптеген Алғыс хаттар мен Кәсіподақ тарапынан Құрмет грамотасымен марапатталды.
«Қазақ театрының бүгіні мен ертеңі үшін тыраштанып, тырмысып жүретін ол сияқты еңбекқор өнер иелерінің көп болғаны – қуаныш», – дейді әріптестері.