Білім беру қызметкерлерінің кәсіподағы педагогтардың мүддесін қорғап қана қоймай, қызметкерлердің денсаулығын нығайтуға да көп көңіл бөліп келеді. Көктемгі каникул кезінде Шалқар ауданының педагогтары Сарыағаштағы “Сарыағаш суы” шипажайында дем алып келді. Шипажайда олар емдік ванналар қабылдап, асқазан, ішек жолдары, буын ауруларының алдын алуға арналған кешенді ем алды. Демалыс күндері Түркістан қаласына саяхатқа шықты.
Көктемгі демалысты Хромтау ауданының кәсіподақ мүшелері де пайдалы өткізді. Аудандық кәсіподақ ұйымы 40 мұғалім мен кіші қызметкерге Жамбыл облысындағы “Меркі” мен Алға қаласында орналасқан “Шипагер” шипажайларында демалыс ұйымдастырды. Демалушылар шырайлы көктем кезінде денсаулықтарын түзеп, еліміздің керемет, сұлу жерлерін тамашалап, табиғатымен танысып, жаңа әсермен, күш-қуатпен оралды.
Алға аудандық кәсіподақ ұйымының 40 кәсіподақ мүшесі “Шипагер”, “ЮКОН” шипажайларында демалып келді. Педагогтар артрит, артроз, буын ауруларына қарсы ем қабылдап, денсаулықтарын нығайтып қайтты.