Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады

«Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан» – деп Абай атамыз айтқандай, өңірде білімді, біліктілігі жоғары ұстаздар жетерлік. Солардың бірі – Алға қаласы, «Жастық жігер» мектептен тыс аула клубының қосымша білім беру педагогы Медет Нұғыманов.

Медет Талапұлы білім саласында 12 жылдан бері еңбек етіп келеді. Осы аралықта өзін кәсіби білікті маман ретінде дәлелдей білді. Ол ұлағатты ұстаз ғана емес, көптеген игі істерге бастамашы болды. Атап айтсақ, Алға қаласын безендіруге атсалысты, қоғамдық іс-шараларға тұрақты араласып отырады. Қол жеткізген жетістіктері үшін талай мәрте облыстық, аудандық деңгейде алғыс хаттармен марапатталған.

Медет Талапұлы – 2010 жылы өткізілген облыстық «Жас отау – 2010» сайысының жеңімпазы, «Мемлекеттік тіл – ұлт тірегі» облыстық тіл фестивалінің 1 орын иегері. Елорданың 15 жылдық мерейтойына арналған «Туған өлкем – танымал да ғажайып» атты жас фотографтар байқауына белсене қатысқаны үшін дипломмен марапатталды. Облыстық «Менің әкем» байқауына қатысып, «Мұғалім ағай» номинациясының иегері атанды. Осындай ұстаздан тәлім-тәрбие алған шәкірттер де шетінен алғыр. Медет Талапұлының оқушылары республикалық, облыстық, аудандық байқауларға қатысып, жұмыстары үздік деп танылып жүр.

С.ӘЛІБАЙ,
«Жастық жігер» мектептен тыс аула клубының
бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы