Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арбаны өндірушілер Кәсіподақтар федерациясының қолдауына жүгінді

«Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында Ақмола облысындағы «Тыныс» АҚ жұмысшыларының бастауыш кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігімен танысу онлайн форматта өтті.

Іс-шараға ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Тінікеев, ҚРКФ төрағасының орынбасарлары Гүлнара Жұмагелдиева және Нұрлан Өтешев, Машина жасаушылар салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Төлеген Қазанғапов, Ақмола облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Қали Рахметов, «Тыныс» АҚ бас директоры Анвар Сұлтангареев, «Тыныс» АҚ  бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Бейбіт Нұрахаев, «Камаз-Инжиниринг» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Дмитрий Диковенко және кәсіпорынның еңбек ұжымы қатысты.

Бейбіт Нұрахаевтың айтуынша, кәсіпорын кәсіподақ мүшелігімен 100% қамтылған, кәсіпорынның барлық қызметкерлері – 728 адам кәсіподақ мүшелері болып табылады.

«Бізде 100% мүшелікпен қамтамасыз ететін басты шарттардың бірі – ұжымдық шартта осы ұжымдық шартта көзделген әлеуметтік жеңілдіктер мен кепілдіктер тек кәсіподақ мүшелеріне ғана қатысты деген ереже бар», – деп атап өтті кәсіподақ ұйымының төрағасы.

Ұжымдық шартта барлық жұмысшыларға 189 130 078 теңге көлемінде төленген жалақыға 15% тиімділік коэффициенті қарастырылған.

Зиянды еңбек жағдайындағы жұмыс үшін, жұмысшылардың жоғары біліктілігі үшін 12 811 978 теңге мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған.

Еңбек демалысын беру кезінде қызметкерлерге екі лауазымдық жалақы мөлшерінде емдік жәрдемақы төленеді.

Ұжымдық шарт әйелдерге, қызметкерлердің балалары мен аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсетеді.

Кәсіпорында өндірістік кеңес бар, оның құрамына 5 техникалық инспектор кіреді.

Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы кәсіпорынның әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығының өзекті мәселелеріне ерекше назар аударды.

«Мемлекеттік қорғаныс тапсырыстарына жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттардың болмауы жоспарлауды қиындатады. Кәсіпорында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін ұзақ мерзімді келісімшарттар қажет», – деп атап өтті Бейбіт Нұрахаев.

Ол 2018 жылы «Тыныс» АҚ ЕХӘҚМ-мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған мүгедектер арбаларын өндіруде ынтымақтастық туралы келісімге қол қойғанын, дегенмен, мемлекеттік қызмет стандарттарының өзгеруіне байланысты сатып алу тоқтатылғанын айтты.

«Біз электрлік мүгедектер арбасын өндіруді толығымен игердік. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тапсырысы бойынша 2020 жылы біз 1379 дана арбаны дайындадық. Биылғы жылы талаптар өзгерді, оған сәйкес мүмкіндігі шектеулі адамдар өз бетінше портал арқылы өтініш беріп, соманың бір бөлігін төлейді. Біз өнімнің осы түрін игеруге көп уақыт пен ресурстарды жұмсай отырып, бір жыл ғана жұмыс жасадық. Қазір бұл өнімдерге тапсырыс жоқ. Біз бұл мәселені шешуде кәсіподақтан жәрдемдесуді сұраймыз», – деді кәсіподақ комитетінің төрағасы.

Мұхтар Тінікеев мәселені зерттеуді тапсырды және оның шешілуіне көмектесуге дайын екенін білдірді.

«Кәсіподақтар федерациясы кәсіпорынның өзекті мәселелерін шешу үшін мүмкін болатын шараларды қабылдайды. Біз бұл мәселені орталық деңгейдегі әлеуметтік әріптестерге, оның ішінде Еңбек министрлігіне қоямыз», – деп атап өтті ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары.

Төлеген Қазанғапов өз кезегінде машина жасау саласындағы кәсіпорындардың ұзақ мерзімді келісімшарттары мәселесі салалық кәсіподақтың ерекше бақылауына алынғанын айтты.

«19 наурызда Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесуде қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындарының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері талқыланды. Кездесуде, сонымен қатар, ұзақ мерзімді келісімшарттарды қамтамасыз ету қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Өкінішке қарай, қолданыстағы заңнама мерзімді 3 жылға шектейді. Біздің ойымызша, өндірістің ерекшеліктерін ескере отырып, мерзімді кем дегенде 5 жылға дейін ұзарту қажет. Жақын уақытта барлық ұсыныстарды депутаттар зерттейді және Мәжіліске қарауға жіберіледі», – деді салалық кәсіподақ төрағасы.

Сонымен бірге, ол бұл мәселені ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қоғамдық кеңесінде және «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс туралы» Заңға өзгерістер енгізу жөніндегі жұмыс тобы аясында айтуға ниетін білдірді.

Кәсіпорынның бас директоры Анвар Сұлтангареев ҚРКФ мен салалық кәсіподақ басшылығына қолдау көрсетіп, кәсіпорын мәселелеріне көңіл бөлгендері үшін ризашылығын білдірді.

Ол өз тарапынан компания басшылығы қызметкерлердің әлеуметтік әл-ауқатын арттыру саласында кәсіподақ комитетімен тиімді ынтымақтастықты жалғастырады деп сендірді.

Кездесу барысында кәсіпорында жұмыс істейтін «Жас Тыныс» ҚБ  жастар кеңесінің жұмысы таныстырылды.

«Жас Тыныстың» жетекшісі Данияр Құсайыновтың айтуынша, жастар кеңесі жастардың өз қабілеттерін іске асыра білуіне және жастарды кәсіпорындағы әлеуметтік, мәдени және спорттық міндеттерді шешуге тартуға жағдай жасайды. Кеңестің қызмет саласы жастардың шығармашылық және интеллектуалдық әлеуетін іске асыруға жәрдемдесу, салауатты өмір салтын насихаттау, азаматтық-патриоттық тәрбие, қайырымдылық мәселелерін қамтиды.

Бірлестік мүшелерінің жалпы саны – 20 жастан 35 жасқа дейінгі 170 адам.

ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары «Жас Тыныстың» бастамалары мен жетістіктерін жоғары бағалады және «30 Еңбек Елшісі» кәсіподақ жобасының жеңімпаздарымен кездесу туралы айтты.

«Біздің жас «еңбек елшілері» еңбек құндылықтарын насихаттайды және еңбек саласындағы әлеуметтік маңызды жобаларды жүзеге асырады. Бұл – біздің кәсіподақ қозғалысының болашағы», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Кездесуді қорытындылай келе, ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары әлеуметтік әріптестіктің тиімділігін арттырудың маңыздылығын атап өтті.

«2021 жылғы 15 наурызда Үкімет, жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері мен кәсіподақтардың республикалық бірлестіктері арасында 2021-2023 жылдарға арналған Бас келісімге қол қойылды. Біз жаңа Бас келісімге еңбекақы төлеу жүйесін жетілдіруге арналған нормаларды енгізе алдық. Әлеуметтік әріптестік аясында ең төменгі жалақыны кезең-кезеңмен көтеру, меншіктің барлық нысандарындағы кәсіпорындарда жалақы индекстеуін заңнамалық тұрғыдан бекіту және ХЕҰ-ның №131 «Дамушы елдерді ерекше ескеру арқылы ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Конвенциясын ратификациялау мәселелері бойынша жұмыс тобы құрылады», – деп атап өтті Мұхтар Тінікеев.

Оның айтуынша, жаңа Бас келісіммен қойылған міндеттер жұмысшыларға қолайлы еңбек жағдайларын жасау, оның ішінде жалақы мәселесін шешуге тікелей байланысты.

«Қазақстанда ең төменгі жалақы 42 500 теңгені құрайды. ХЕҰ Кейтц индексін бекітті, онда ең төменгі жалақы орташа жалақының 50%-ын құрауы керек делінген. Бүгінгі таңда, егер Қазақстанда орташа жалақы 206 000 теңгені құраса, онда ең төменгі жалақы 103 000 теңгені құрауы керек. Біздің елде ең төменгі жалақы орташа жалақының 20% құрайды», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары.

Мұхтар Тінікеев «Тыныс» АҚ әлеуметтік әріптестік тиімділігінің жоғары деңгейін атап өтті.

«Қызметкерлердің 100% кәсіподақ мүшелері екендігі назар аудартады. Жұмыс берушінің лайықты еңбек жағдайларын жасауға қосқан зор үлесін атап өту қажет. Биылғы жылдың басынан бері елде 40-қа жуық еңбек дауы болды, оның тек 8-іне ғана кәсіподақтар әрекет етуде. Бұл кәсіподақтар бар жерде жұмысшылардың құқықтарына қатысты жағдай заңды түрде жүретіндігін көрсетеді», – деп қосты Мұхтар Тінікеев.

ҚР Кәсіподақтар федерациясының медиа орталығы