Аудандарда үшжақты комиссия отырыстары өтуде

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бастамасымен Жалағаш ауданында үшжақты комиссия отырысы өтті.

Комиссия отырысына аудан әкімі А.Шәменов төрағалық етіп, күн тәртібінде аудандағы әлеуметтік еңбек қатынастары мәселелері қаралды. Комиссия отырысына облыстық салалық кәсіподақ төрғалары, облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы, аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мамандары, аудандағы мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.

Облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Серік Сермағамбетов облыс көлеміндегі әлеуметтік әріптестік аясында еңбек қатынастарын реттеуде атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғап, кәсіподақтардың жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделері мақсатындағы бастамалары туралы ақпарат берді.

«Кәсіпорындарда жалақының мерзімінде төленуі, еңбек қатынастарындағы шиеленістердің алдын алу, жұмыс берушілермен сындарлы диалог орнату – әлеуметтік әріптестік шеңберіндегі негізгі жұмыс бағыттары. Облыстық үшжақты комиссияның жұмыс жоспарына аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан аудандарда комиссия отырыстарын өткізіп, аудандардағы жұмыс жасап тұрған кәсіпорындардың еңбек жағдайларын талқылау туралы ұсыныс жасалды. Осы тұрғыда әрбір бастауыш ұйымдар мен жалпы еңбекшілердің еңбек ахуалын назарға аламыз», – дейді кәсіподақтар орталығы төрағасы.

Сонымен қатар, облыстық кәсіподақтар көшбасшысы Ұжымдық шарттардың жасалуы мен оның мазмұнының сапалылығын қадағалау, оларды қолданыстағы заңнамалар талаптарымен сәйкестендіру жұмыстары маңыздылығын атап өтті.

Комиссия отырысы барысында Жалағаш ауданы мен Қызылорда облысы кәсіподақтар орталығы және аудан көлемінде жұмыс жасап тұрған ірі және орта бизнес өкілдері арасындағы қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелерінде бірлесе қызмет​ жасау туралы ынтымақтастық Меморандумына қол қою рәсімі өтті. Меморандумға аудан әкімі және облыстық кәсіподақтар орталығымен қатар ауданның үш ірі шаруа қожалық басшылары қол қойды, меморандумға басқа да кәсіпорындарды біріктіру жұмыстары жүргізілетін болады.