Ұлағатты ұстаздар әулеті

Адамның бойында жақсы қасиеттердің болуы, өнер-білімді игеруі – өскен ортаға, сонымен бірге білім беретін ұстазға байланысты. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, ұстаздар әулеті үнемі жас ұрпақ тәрбиелеумен бірге жас мұғалімдерге де білмегенін үйретіп, бағыт-бағдар беріп отырады. Осындай ұлағатты, үлгілі ұстаздар әулетінің бірі – Мұхановтар әулеті. Бірлік пен берекеге негізделген әулет бүгінде жарқын өмір құндылықтарын көпшілікке үлгі етіп отыр. «Отан – отбасынан басталады» дегенді ұстаным еткен әулетте атадан балаға беріліп келе жатқан ұлттық салт-дәстүрлер сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Өйткені, осындай тәрбие арқылы ұрпақты адамгершілікке, отбасы алдындағы жауапкершілікке, рухани байлыққа, өз Отанына деген сүйіспеншілікке баулуды әулет әрдайым бірінші кезекке қояды.

Әулет отағасы, Айбек Мұханов Мұғалжар ауданы, Талдысай елді-мекенінде дүниеге келген. 1993 жылы Талдысай мектебінде мұғалім болып алғашқы еңбек жолын бастайды. 2008 жылы білім ордасына мектеп директоры болып тағайындалады.

“Бала жүрегі – кішкентай күйсандық. Сол сандықтың кілтін тапсаң ғана ашылады. Мұғалімнің қолында әр кезде сол кілт тұруы керек”, – деп М.Шаханов айтқандай, әр баланың жүрегіне жол табу, бала бойындағы дарынды ашу мұғалімнің ең басты міндеті деп ойлайды.

Әулет отанасы, Айбек Алиханұлының өмірлік серігі де абыройлы мұғалімдік жолын таңдаған. Шара Ильясова 1990 жылы Ақтөбе Педагогикалық институтты бітіріп, ауылға жұмысқа орналасады. 28 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты мұғалім, осы кезге дейін ағылшын тілі пәні мұғалімі болып қызмет атқарып келеді. Оқушылары облыстық, аудандық байқауларда жүлдегер атанып жүр. Ұстаздардың біліктілігін арттыру мақсатында мектепте көптеген семинар-тренингтерге қатысады және ұйымдастырады. Талай шәкірттерінің жүрегінен орын таба білген ұстаз 3 баланың анасы.

Мұхановтар әулетінің тұңғыш перзенті Алихан Мейірбек те педагог. Еңбек жолын Ембі қалалық №7 орта мектебінде алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімі болып бастайды. Әке жолын қуып, 2017 жылы “Дене шынықтыру пәні мұғалімі” мамандығы бойынша білімін жетілдіріп, сол жылдары Мұғалжар аудандық білім бөлімінде АӘД және дене шынықтыру пәндерінің әдіскері қызметін атқарады. Отбасындағы берік қалыптасқан татулық, сыйластық пен сүйіспеншілік – әулеттің ең негізгі ұстанымы.

П.Әлібекова,
Мұғалжар ауданы,
Талдысай жалпы білім беретін орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі