Бастауыш кәсіподақ ұйымы – білім берудің жаңа сапасы жолында

Адами капиталды қалыптастыру мақсатында білім берудің жаңа сапасы ​ қажеттілігі айқындалады.

Қызылорда облысы Сырдария ауданының орталығы Тереңөзек кентінде орналасқан №35 И.Тоқтыбаев атындағы мектеп-лицейі 2016 жылдан бастап инновациялық мектептер қатарына енген.

​Инновациялық мектепке ат басын тіреген облыстық кәсіподақтар өкілдері ұжымның еңбек жағдайы мен бастауыш кәсіподақ ұйымының бөлмесіндегі қазіргі таңдағы жұмыс барысымен танысты. ​ Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов еңбек ұжымы өкілдерімен сұқбатында облыс көлеміндегі еңбек қатынастары мәселелеріне тоқталды. Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы білім саласындағы жаңа еңбек жағдайлары, пандемияға байланысты қабылданған шаралар мен заңнамалық толықтырулар туралы сөз қозғады.

Бүгінгі күнде 550 оқушыға білім беретін оқу ордасы №35 мектеп-лицейінде 75 мұғалім қызмет етуде. Мектептің барлық еңбек ұжымы кәсіподақ мүшелері қатарында, ұжым ардагерлері де кәсіподақ ұйымымен тығыз байланыста. ​ Мектеп мұғалімдеріне оқыту мен оқу үдерісі бойынша әдістемелік қолдау көрсетіліп, орта білім мазмұнын жаңарту бағдарламасы аясында​ шеберлік сыныптар, ықшам сабақтар, дөңгелек үстелдер, ашық есік күндері ұйымдастырылып отырады.

​Әлеуметтік әріптестіктің жүйелі үлгісі пен кәсіподақ ұйымының белсенді жұмысын көрсетіп келе жатқан мектеп-лицей ұжымы білім және ғылым қызметкерлерінің салалық кәсіподағы ұйымдастырған түрлі байқауларда «Ынтымағы мен берекесі жарасқан», «Бәсекеге қабілетті мектеп», «Үздік әлеуметтік әріптес» номинацияларын иеленген.