Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов бастаған салалық кәсіподақ төрағалары тобы Жалағаш ауданында болып, сала бойынша бастауыш ұйым мүшелерімен кездесті.
Облыстық кәсіподақ төрағаларымен кездесуде кәсіподақ мүшелері еңбек жағдайлары, карантин кезеңіндегі еңбек қауіпсіздігі, жалақы мәселесі бойынша ой-пікірлерін ортаға салды. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов Кәсіподақтар федерациясымен көтерілген медицина қызметкерлерінің жалақысына байланысты Үндеу туралы айтып, салалық кәсіподақпен әлеуметтік әріптестер арасындағы салалық Келісімнің заңнамалық нормаларын түсіндірді. «Кәсіподақтар федерациясымен белгіленген 2021 жыл бастауыш ұйымдар жылы аясында әрбір ұйымдағы еңбек ахуалы, жұмыскерлердің көтеретін мәселелері, олардың еңбекақысы, жұмыс орындарындағы еңбек жағдайы – жіті назарымызда. Мемлекет тарапынан сала қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары кешенді жүргізілуде, біздер кәсіподақтар да өз тарапымыздан жұмыскерлерді құқықтық қорғауға, әлеуметтік көмек жасап, қолдауға күш салудамыз»,- деп атап өтті Серік Сермағамбетов.
Жалағаш аудандық аурухананың барлық 873 қызметкері кәсіподақ мүшелері болып табылады. 2021 жылдың бірінші тоқсанында бастауыш кәсіподақ ұйымы 11 қызметкерге түрлі жағдайларға байланысты материалдық көмек жасап, 2 қызметкерге зейнетке шығуына байланысты төлем жасаған. «Жұмыскерлердің денсаулығын оңалту мақсатында еңбек ұжымында келісіммен арнайы кесте бекітіліп, қазірде 15 қызметкердің сауықтыру орындарында демалуына жеңілдікпен мүмкіндік жасалды. Сауықтыру орындарына жолдамаға біздің облыстық филиалдан 20 пайыз, бастауыш ұйымнан 30 пайыз жеңілдік берілуде»,- дейді «Senim» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы облыстық филиалы төрағасы Асылхан Абылайханұлы.
Еске сала кетейік, облыстық кәсіподақтар бастамасымен осы күнде ауданда әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі үшжақты комиссия отырысы өтіп, онда аудан ұйымдарындағы еңбек қатынастары мәселелері қаралған болатын. Жалағаш ауданында облыстық салалық кәсіподақтар құрамына кіретін 79 бастауыш кәсіподақ ұйымдарында 4567 кәсіподақ мүшелері біріккен.