2021 жылдың 13 сәуір күні Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының медиа-алаңында БҚО, Ақжайық аудандық білім бөлімі қызметкерлерінің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Үмбеталиев онлайн сұқбатқа қатысты. Сұқбат аясында бастауыш кәсіподақ ұйымы туралы да ақпараттар берілді. Бұл жөнінде кәсіподақ жетекшісі:
– Біздің кәсіподақ ұйымымыз құрылымы жағынан ең ірі бірлестіктердің бірі болып табылады. Нақтырақ айтар болсам, құрамымызда 51 бастауыш кәсіподақ ұйымы мен 3409 кәсіподақ мүшесі бар. Оның 2236-сын әйелдер, 374-ін 29 жасқа дейінгі жастар құрайды. Мұндай құрамдық бірлікпен жұмыстану – үлкен жауапкершілік пен белсенділікті талап етеді, – дейді.
Кәсіподақ қозғалысында жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген маман өз сөзінде:
– Кәсіподақ – еңбеккердің тірегі. Еңбектің қолдаушысы. Әділдіктің насихатшысы. Алдыңғы жылдың өзінде де менің жеке мекен-жайыма еңбек қатынастарындағы даулы мәселелерге қатысты 14 арыз келіп түсті. Нәтижесінде 14 даудың 12-сі кәсіподақ мүшелерінің пайдасына шешілді. Бүгінгі таңда, кәсіподақ ұйымымызда құқықтық сауаттылық, еңбек қатынастары аясында оқулар өткізіліп, ақпараттық жұмыстар жүргізіліп отырады. Сонымен қатар, білім беру ұйымдары мен мекемелерінде жұмыс жасайтын кіші қызметкерлерді әлеуметтік тұрғыдан қорғау, қолдау біздің кәсіподақ ұйымымыздың дәстүрлі іс-шараларының бірі. Көпбалалы аналар мен жалғызбасты ұстаздарға жылына екі рет емдеу-сауықтыру шипажайларына жолдамалар беріледі, – деді.
Аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы дәл қазіргі уақытта, жаз маусымында оқушылар мен ұстаздардың бос уақыттарын тиімді өткізуге бағытталған іс-шараларға және ардагерлерге арналған құттықтау, марапаттау, өмірден озған кәсіподақ ардагерлерін еске алу шаралары аясында дайындықтар жүргізіліп жатырғанын айтты.