Еңбек адамына – лайықты өмір

Кәсіподақ – еңбек адамдарының мұң-мұқтажын, мүдделерін, еңбек құқығының бұзылмауын қадағалап, оған әлеуметтік-экономикалық қолдау көрсететін басты ұйым. Елімізде болып жатқан түрлі жетістіктер мен жақсылықтарда кәсіподақ ұйымдарының қосып жатқан үлесі мол.

«Еңбек адамына – лайықты өмір», – деген қағида бұл қарапайым еңбек адамына арналған ұран емес, әрбір азаматтың өмір сүру «аксиомасы» болуы тиіс.

Торайғыров университеті КЕАҚ «Үштұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор А.Зейнулина – жалпы еңбек жолын бастағалы еңбек еткен ұжымдарындағы кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі. 1998 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетке қызметке келген кезде де кәсіподақ мүшелігіне өтіп, осы күнге дейін маман дайындаудың қара шаңырағы болған осы аталмыш универитетте кәсіподақ ұйымының құрметті мүшесі болып табылады.

Университетте кәсіподақ ұйымы профессор-оқытушылар құрамының еңбек қатынастарында, жұмыспен қамтылуға, жұмысқа қабылдауға және жұмыстан босатуға, жұмыс уақыты мен демалыстың ұзақтығы мен режиміне, жалақының мөлшеріне, материалдық-моральдық көмек көрсету тағы да басқа туындаған мәселелерін шешуде елеулі роль атқарады.

Оқу ордасындағы кәсіподақ жұмысының құқықтық жағдайы Конституциямен, Еңбек туралы заңдар кодексімен, халықтың жұмыспен қамтылуы туралы, халықтың зейнетақымен қамсыздандырылуы туралы заңдармен, басқа да заңдармен айқындалады.

Кәсіподақ өзінің қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасы және халықаралық актілер мен келісімдерде бекітілген өзге де заң нормалары шеңберінде, өздері қабылдаған жарғыларға сәйкес, мемлекет органдар мен саяси-қоғамдық ұйымдардан тәуелсіз жағдайда жүзеге асырады.

Олармен өзара қарым-қатынастарын әріптестік пен құрметтеушілік, сұхбаттастық пен ынтымақтастық негізінде құрайды.

Университеттегі кәсіподақ ұйымының бір жылдық және стратегиялық жоспары бар және ұйым мүшелеріне таныстырылып, талқыланып және ол жұмыстардың жүзеге асуына барынша жұмыс жасалынады.

Оқытушылардың денсаулығын жақсарту мақсатында Манкент, Көктем, Мойылды және Баянтау шипажайларына маусымдық кезеңмен баруына мол мүмкіндік жасалынған.

Универсиет оқытушылары мен қызметкерлеріне әртүрлі мерекелік шараларды ұйымдастырып өткізуде де осы кәсіподақ ұйымы қызметкерлерінің еңбектері ерекше зор.

Кәсіподақ ұйымы университеттің құрметті ұстаздары мен оқытушыларына, еңбек ардагерлерін де әркез ұмытпай, қамқорлық жасап, волонтерлік қызметті де үлкен ыждаһаттылықпен жасағанына куә болып жүр. Сол үшін де университеттің кәсіподақ ұйымының төрағасы Ж.Уахитовқа, ұйымның белсенді қызметкерлері Г.Баяхметова, А.Жакишева,Г.Шамшудинова, М.Каюмова т.б адал, білікті де игілікті істеріне алғысымыз зор!

Кәсіподақ ұйымының құқықтарын шектейтін немесе олардың заңда көзделген құқықтарын жүзеге асыруына кедергі жасайтын қандай да болсын араласушылыққа тыйым салынған. Кәсіподақ өз мүшелерінің мемлекет және шаруашылық құрылымдармен, қоғамдық бірлестіктермен, кәсіпкерлермен қарым-қатынасындағы құқықтары мен мүдделерін білдіріп, қажет болған жағдайда бұларды қорғауға жәрдемдеседі.