Медицина қызметкерлерінің өзекті мәселелері «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында талқыланды

14 сәуір күні «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында ШҚ ДСБ «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы  күрес жөніндегі орталығы» МҚКК  бастауыш кәсіподақ ұйымының еңбек ұжымымен онлайн форматта кездесу өтті.

Кездесуге ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Берік Бекжанов мен Екатерина Смышляева, «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ Шымкент қалалық филиалы төрағасы Ерқозы Батырбеков, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан Әлтеев, «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы  күрес жөніндегі орталығы» МҚКК бастауыш кәсіподақ ұйымының ұжымы қатысты.

30 жыл бойы Оңтүстік Қазақстан аймағының тұрғындарына мамандандырылған дәрігерлік көмек көрсетіп отырған ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы  күрес жөніндегі орталығының  қызметкерлер саны – 121 адам, 112 адам – кәсіподақ ұйымының мүшелері, оның ішінде:  дәрігерлер – 23,  жоғары білімді мамандар – 8,  лаборант – 15, лаборатория мамандары – 11,  орта буынды қызметкерлері – 23, кіші буын қызметкерлері – 9, әкімшілікте – 23 адам.

Бірнеше жыл Шымкент қаласының кәсіподақтар орталығының төрағасы болған, бүгінде ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Берік Бекжанов өз сөзінде Федерацияның ұйымдастыруымен қолға алынып отырған «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы өңірлердегі бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жай-күйімен жіті танысуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінде еңбек мәселелеріне қатысты заң жобалары аясында зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, Еңбек кодексіне тиісті өзгертулер мен толықтырулар енгізу мәселелері көтерілуде. Атап айтқанда, қазіргі таңда қауіпті індетке байланысты қашықтықтан жұмыс істеу тәртібі заңнама түрінде бекітілмеген. Сондықтан, Еңбек кодексіне қашықтықтан жұмыс істеу тәртібі, құқығы мен міндеті, ақы төлеу жүйесі мәселесі қаралып жатыр. Одан тыс Еңбек адамына қатысты 75 заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы мәселе қарастырылуда», – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Іс-шара барысында «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығы» МҚКК жұмысымен таныстыру мақсатында бейнесюжет көрсетілді.

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасы Бауыржан Әлтеев орталықтың жұмысына қатысты қысқаша ақпарат беріп кетті. Бүгінде кәсіподақтың тексеру комиссиясында – 2 адам, 5 қызметкер жұмыс атқаратынын айтты.

2021 жылы 5 ақпан күні кәсіподақ ұйымы мен жұмыс беруші – ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталығының бас дәрігері арасында 3 жылға ұжымдық шарт жасалынды. Кәсіподақ ұйымы тарапынан еңбекақыларының уақтылы төленуі, еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі бойынша  тексерулер жүйелі жүргізіледі.

Өткен жылы орталықта еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігі нормалары бойынша жарақат алғандар тіркелмеді.

Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес  мейрам күндеріне жұмыс істеген қызметкерлерге – 1 күн қосымша демалыс беріледі және  кодекстің 202-бабына сәйкес қауіпті заттар мен жұмыс істеуіне байланысты лаборатория қызметкерлері, кіші медицина қызметкерлері және де басқа бөлімдердің кіші медицина қызметкерлері сүтпен қамтамасыз етілген. Медицина қызметкерлеріне қыстық және жаздық халаттар берілген.

«ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы  күрес жөніндегі орталығы» МКҚК бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Гулпарида Абдрашова кәсіподақ ұйымының тарапынан еңбек ұжымына әрқашан қолдау мен материалдық көмек көрсетіліп отыратынын жеткізді. 2020 жылы түскен кәсіптік жарна 1 479 850 теңге, оның ішінде  814 500 теңгесі қызметкерлерге материалдық көмекке жұмсалды және қосымша «SENIM» денсаулық сақтау жүйесі жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» Шымкент филиалынан пандемия кезінде екі адамға материалдық көмек ретінде азық-түлік алуға талон берілді. «SENIM» филиалынан пандемия кезінде медициналық құрал-жабдықтар алу үшін көмекке 300 мың теңгелік сертификат берілді. 2021 жылдың наурыз айында аз қамтылған қызметкерлерге материалдық көмек ретінде 50 мың теңгелік сертификат және бастауыш қәсіподақ ұйымынан  110  мың теңге берілді.

ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысына жоғары баға берді.

Кездесу барысында сөз алған «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы  күрес жөніндегі орталығы» МКҚК бас дәрігерінің орынбасары Қожахмет Маширов бүгінде медицина қызметкерлерін алаңдатып отырған бірқатар мәселелерге тоқталып өтті.

«Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» ҚР Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» ҚР Үкіметінің 2021 жылғы 30 наурыздағы №174 қаулысына сәйкес медициналық емес жоғары білімді мамандардың еңбекақысы көтерілмеген. Оларға алғашқы медициналық-санитарлық көмек қызметкерлері, лаборанттар, психологтар, социологтар, туберкулезға қарсы диспансерлер мен туберкулезға қарсы шипажайлардың педагогикалық қызметкерлері кіреді.

Кездесуде сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Екатерина Смышляева медицина қызметкерлерін мемлекет тарапынан қолдау шаралары туралы айта отырып, қойылған сауалға жауап берді.

«Сала қызметкерлерінің жалақысының үйлесімсіз арту мәселесі тұр. Біріншіден, техникалық қызметкерлерге бұл қаулы жүрмеді. Бүгінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі арқылы жеке қызметкерлерді дербес индекстеу туралы қаулы мәселесін қарастырып жатырмыз. Екіншіден, медициналық білімі жоқ зертханалардың қызметкерлеріне медициналық қызметкерлердің жалақысын көтеруді реттейтін №1193 қаулы қолданылмады. Сонымен қатар, өткен жылдың шілдесінде «Халық денсаулығы туралы» кодекстен санаттар беру туралы тармақ алынып тасталды. 1 қаңтардан бастап санаттар берілмейді. Дәрігерлерде санаттар мерзімі таусылып келеді. Сондай-ақ, өкінішке қарай, бүгінде «Сақтандыру қызметі туралы» Заң жұмыс орындарында ауруға шалдығу жағдайын қарастырмайды. Осы орайда біз медицина қызметкерлері үшін арнайы сақтандыру мәселесін қарастырып жатырмыз. Барлық осы мәселелер бойынша біз Кәсіподақтар федерациясымен бірлесіп жұмыс атқарып жатырмыз», – деді Екатерина Смышляева.

Еңбек ұжымы тарапынан қойылған екінші сауал – COVID-19 ауырған медициналық қызметкерлерге Федерациядан шипажайларға жеңілдікпен жолдамалар беру мәселесі аясында ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев сөз алды.

«Өткен жылы «SENIM» кәсіподағының мүшелеріне Федерация тарапынан 300 елу пайыздық жолдама берілді. Биыл бұл мәселе қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы «ҚРКФ активтерін дамыту туралы» құжат қабылдады. Біз осы құжатты негізге ала отырып, алдағы уақытта жұмыс атқаратын боламыз», – деді ҚРКФ төрағасының орынбасары.

Кездесу соңында ҚР Кәсіподақтар федерациясы атынан бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелеріне Алғыс хат және Құрмет грамотасы табысталды.

Қорытынды сөз алған ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Нұрлан Өтешев орталықтың күрделі жұмысын жоғары бағалай отырып, медицина қызметкерлеріне алғысын білдірді.