Кәсіподақ әлеуметтік әріптестік мәселелерін талқылады

Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы Атқару комитетінің отырысы өтті.

Эпидемиологиялық ахуалға байланысты алқалы жиын онлайн форматта ұйымдастырылды. Оған облыстық білім кәсіподағының төрайымы Р.Серікова, құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиев, аппарат мүшелері, аудандық және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Күн тәртібінде кәсіподақ қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдігі, еңбекақы төлеу, еңбекті қорғау, олардың денсаулығы мен сауықтыру шаралары қарастырылатын Ұжымдық шарт туралы айтылды.

«Ұжымдық шарт жасасу нәтижесінде қызметкерлер қауіпсіз еңбек құқығы, лайықты еңбекақы және ақылы еңбек демалысы сынды игіліктерге қол жеткізіп келеді. 2021-2023 жылдарға жасалған Ұжымдық шарттар, әлеуметтік әріптестік туралы құжат жұмыс беруші мен жұмысшы арасындағы байланысты одан әрі тереңдетіп, еңбек жағдайларын жақсартуға, әлеуметтік кепілдіктер және жеңілдіктермен қамтамасыз етуге ықпал етеді», – деді Р.Серікқызы.

Құжатта көрсетілген маңызды міндеттер туралы құқықтық еңбек инспекторы А.Алимпиев жан-жақты түсіндірді.