Тәуелсіздік құрдастары – кәсіподақпен бірге

Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз.

Осыдан 30 жыл бұрын еліміз егемендік алып, өз алдына шаңырақ көтерді. Ал осы күні дүние есігін ашқан сәбилер – қазір жалынды жастар, орда бұзар жасқа жетті. Олар – Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары. Шалқар қаласы №6 мектебінде 1991 жылы дүниеге келген жастар жетерлік. Олар: география пәнінің мұғалімдері Арай Қаниева, Нұргүл Төлешова, Ақмарал Қожахметова, ағылшын тілінің мамандары Әсел Иманбетова мен Арай Маденова, математика пәнінің мұғалімі Әйгерім Нұрманова және есепші Мөлдір Досмырзаева. Елмен бірге есейген жастар оқуларын бітіріп, бүгінде білікті маман иесі атанды. Тәуелсіздік мерекесін «құрдасым» деп білетін жастар өмірдің мұндай сәйкестігін жақсылыққа балап, үнемі мақтан етіп жүреді.

Математика пәнінің мұғалімі Ә.Нұрманова дәл 1991 жылы дүниеге келгенін тағдырдың ерекше сыйы деп түсінеді. Тәуелсіздіктің құрдасы болу ерекше жауапкершілікті жүктейді. Еліміздің шежірелі өткені мен бүгіні, ертеңі Тәуелсіздік құрдастарын әрқашан ойлантады. Осы тұрғыда Тәуелсіздік алған еліміздің тарихын тереңінен зерттей отырып, алдағы уақытта ел тынысын кеңейтуге өз үлестерін қосқысы келеді. «Мұғалім мамандығы – барлық мамандықтың анасы» демекші, Әйгерім Нұрманова шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының өрендерін тәрбиелеп шығару – өзінің міндеті деп есептейді.

Ақтөбе облысы, Шалқар ауданындағы №6 орта мектебінде облысқа, республика көлеміне әйгілейтіндей жағымды жаңалықтар жеткілікті. Оқушыларға сапалы білім мен саналы тәрбие беруде де ізденістер аз емес. Мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы осы мақсатта жасаған жұмыстарын айтпай кетуге болмайды.

Ұйымның мүшесі, әсіресе, тәрбие жұмыстарына белсене араласып ұжымның мүддесін қорғап, талап-тілегін қанағаттандыруда тың ізденістерге түсуге бейімделген. Мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымы мектепте түрлі спорттық жарыстар мен өнер сайыстарын ұйымдастыруға, салауатты өмір салтын қалыптастыру сияқты іс-шараларға ұйытқы болып отыр.

Мектептің көптеген ұстаздары облыстық, аудандық кәсіподақ ұйымының марапаттарына ие болды.