Бастауыш ұйым өкілдерімен кездесуде еңбек қатынастары мәселелері қаралды

Қызылорда облыстық кәсіподақ төрағалары Жаңақорған аудандық орталық кітапханасында болып, бастауыш ұйым өкілдерімен кездесті.

Кездесуде облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасы С.Сермағамбетов, «Құрылыс кешені және ТКШ қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» облыстық филиалы төрағасы С.Мырзаханов, «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіптік одағы» облыстық филиалы төрағасы Е.Умирсериков кәсіподақ мүшелерімен еңбек қатынастары мәселелері мен кәсіподақтар жұмысы барысы бойынша сұхбаттасты.

«Мемлекет басшысы тапсырмасына сәйкес 2020 жылдан бастап бірқатар сала қызметкерлерінің жалақысы көтерілуде, оның ішінде мәдениет ұйымдары қызметкерлеріне 50 пайызға, жергілікті деңгейде 35 пайызға көтерілді. Сонымен қатар, жақында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов депутаттық сауалға жауабында Білім және ғылым министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп білім беру ұйымдарының кітапханашыларына ресми жалақыдан 30 пайыз мөлшерінде қосымша төлем белгілеу үшін 2021 жылға 1,8 млрд теңге бюджеттік қаражат бөлу мәселесін пысықтап жатқандығын мәлімдеді», – деп атап өтті кәсіподақтар орталығы төрағасы С.Сермағамбетов.

Кәсіподақтар төрағасы 2021 жылдың Кәсіподақтар федерациясымен бастауыш ұйым жылы болып жариялануы шеңберінде жүзеге асырылып жатқан жаңа «30 Еңбек Елшісі», «Халықтық бюджет» жобалары туралы да әңгімеледі. Жаңақорған ауданына қарасты ауылдық елді мекендерде орналасқан 36 кітапхананың қызметкерлері бір бастауыш ұйымына біріккен, бастауыш ұйым «Салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы» облыстық филиалы құрамында.