Жаңақорған ауданында еңбек қатынастары мәселелері талқыланды

Бүгінгі таңда аудандағы кәсіпорындар мен мекемелердің жұмысшылар алдында жалақы қарызы жоқ. Ауданда әкімдік, кәсіподақтар және 118 кәсіпорын – мекеме басшылары арасында еңбек қатынастарындағы шиеленістерге жол бермеу бағытындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Бұл туралы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы үшжақты комиссия отырысы барысында аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі басшысының орынбасары С.Өмірбек хабарлама жасады.

Облыстық кәсіподақтар орталығы бастамалаған облыстық үшжақты комиссия мен аудандық комиссиялардың бірлескен отырыстары Жаңақорған ауданында жалғасты. Аудан әкімі Р.Рүстемов төрағалымен өткен жиынға әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия төрағасының орынбасары, кәсіподақтар орталығы төрағасы С.Сермағамбетов, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасының бөлім басшысы Б.Досымов, облыстық салалық кәсіподақ төрағалары, аудандық комиссия мүшелері, кәсіпорын басшылары қатысты.

Жұмыс берушілермен жасалған үш тараптың ортасындағы меморандумдарда қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері жөніндегі шаралар қамтылған. Қазірде Жаңақорған ауданында 6369 электронды еңбек шарты тіркеліп, 232 ұйымдардың Ұжымдық шарты – қолданыста.

Облыс көлеміндегі әлеуметтік әріптестік аясында атқарылып жатқан жұмыстар барысына тоқталған кәсіподақтар орталығы төрағасы Серік Сермағамбетов кәсіпорындар мен мекемелердегі Ұжымдық шарттардың сапалылығына мониторинг жасаудың маңыздылығын атап өтті. «Жыл басындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, Жаңақорған ауданы бойынша жұмыс жасап тұрған ұйымдар санында ұйымдардың ұжымдық шартпен қамтылу үлесі 50 пайызды құрайды. Жаңадан ашылған жұмыс орындарында да ұжымдық шарттың қабылдануына жұмыс жасауымыз қажет, өйткені ол жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасындағы әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеуші бірден бір құқықтық акт. Кәсіподақтар әлеуметтік әріптестерді осы бағытта бірлескен жұмысқа шақырады», – деді жиын барысында кәсіподақтар орталығы төрағасы.

Жиында бірқатар кәсіпорын басшыларымен қызметкерлердің жұмыспен қамтылуы, еңбек құқықтары мен кепілдіктерін сақтау және өндірістің қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері бойынша аудан әкімдігі, кәсіподақтардың бірлесе жұмыс жасауы туралы өзара ынтымақтастық Меморандумдарына қол қойылды.