Жетісулық «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпазы оқыту семинарын ұйымдастырды

«YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ-нің Алматы облыстық филиалының заңгері, ҚР Кәсіподақтар федерациясының «30 Еңбек Елшісі» жобасының жеңімпазы Ақерке Мұсабекова «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» АКБ қарасты салалық кәсіподақ, белсенді кәсіподақ мүшелерімен бірлесіп, «Еңбек қатынастарын реттеу және заңнамалық негіздерін қолдану», «Ұжымдық шарттарды жасау тәртібі», «Кәсіподақ қатарына белсенді жастарды тарту», «COVID-19 індетін алдын-алу және еңбек қауіпсіздігін сақтау» тақырыптарында онлайн оқыту семинарын өткізді.

Семинарға «YNTYMAQ» орта және кіші бизнес жұмыскерлерінің салалық кәсіподағы» РҚБ-нің Алматы облыстық филиалы төрайымы Самал Бакирова, «Алматы облысының кәсіподақтар орталығы» АКБ төрағасының орынбасары Қаһарман Жақсылық, кәсіподақтар орталығына қарасты барлық салалық кәсіподақ төрағалары, бастауыш кәсіподақ және жастар кеңесінің мүшелері қатысты.

Семинар барысында қатысушылардан бірқатар маңызды сауалдар қойылып, еркін пікір алмасу алаңында еңбек қатынастары, ұжымдық шарт, кәсіподақ қатарын нығайту, белсенді жастарды кәсіподақтар құрамына енгізу мәселелері талқыланды.

Ақерке Жұмабайқызы, сондай-ақ, «30 Еңбек Елшісі» жастар жобасының маңыздылығына тоқталып, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстарымен таныстырды.

Жоба жеңімпазының пікірінше, бүгінгі күні «жас еңбек елшілерінің» міндеті – еңбек құндылықтарын, Кәсіподақтар федерациясының қамқорлығымен жастар ортасындағы кәсіподақ мүшелігінің тартымдылығын насихаттау, еңбек саласындағы әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыру.