“BIRGEMIZ” қоғамдық қабылдауында жедел түрде кеңес алуға болады

2021 жылғы 15 сәуірде “BIRGEMIZ” қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысына Қазақстанның бес өңірінің медиаторлары мен психологтарымен қатар Павлодар облысы кәсіподақтарының аумақтық бірлестігінің “Татуласу орталығы” басшысы М.Иванова қатысты.

Қаралған төрт өтініштің ішінен жүктілік пен босануға, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдерді алу мүмкіндігі туралы мәселе аса өзекті болды.

Осы сұраққа жауап бере отырып, өтініш берушіге жүктілігіне және босануына, бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты әлеуметтік төлемдер алу “Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы”2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 286-VІ ҚРЗ Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетіні жазбаша түсіндірілді.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайларда төленетін әлеуметтік төлем Қордан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына тағайындалады.

Осы әлеуметтік төлем Денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган айқындаған тәртіппен берілген еңбекке уақытша қабілетсіздік туралы парақта көрсетілген бүкіл кезеңге тағайындалады. Әлеуметтік төлемнің мөлшері әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін еңбекке жарамсыздық күндері санының тиісті коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады.

Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік он екі ай ішінде әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстар сомасын (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) он екіге бөлу арқылы айқындалады.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бала (балалар) күтімін жүзеге асыратын және Қордан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушысына тағайындалады. Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін осы әлеуметтік төлем баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген туған күнінен бастап ол бір жасқа толған күнді қоса алғанда тағайындалады.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін ай сайынғы әлеуметтік төлемдер әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшерін табысты алмастыру коэффициентіне көбейту арқылы айқындалады. Әлеуметтік аударымдарды есептеу объектісі ретінде ескерілген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтізбелік жиырма төрт айда әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстар сомасын (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістердің болу-болмауына қарамастан) жиырма төртке бөлу арқылы айқындалады.

Толық кеңесті мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының Павлодар филиалынан 39-06-86 телефоны бойынша алу ұсынылды.

Даулы жағдай туындаған жағдайда өтініш берушіге 87088614656 жедел желі телефоны бойынша Павлодар облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің татуластыру орталығына жүгіну ұсынылды, оның миссиясы сотқа жүгінбестен медиатордың қатысуымен еңбек дауын реттеуге көмек көрсету болып табылады.