Шиелі ауданында жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделері бойынша Меморандумдар жасалды

Қызылорда облысы Шиелі ауданында жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделері бойынша 5 ірі кәсіпорынмен Меморандум жасалды.

Меморандумдарға аумақтық кәсіподақтар бірлестігі бастамалаған әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия мен аудандық комиссияның бірлескен отырысы барысында қол қойылды.

Отырысқа Шиелі ауданы әкімі Қ.Мүбәрәков төрағалық етіп, күн тәртібінің бірінші мәселесінде облыстық кәсіподақтар орталығымен әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеуде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы мақсаттар туралы орталық төрағасы С.Сермағамбетов сөз алды. Сонымен қатар, отырыста аудандық үшжақты комиссияның атқарып жатқан жұмыстары барысы баяндалды.

«Кәсіподақтар ұжымдағы жұмыскерлердің құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалуына, жұмыс беруші мен жұмыскерлер арасында тараптардың мүдделерін тең дәрежеде болуын қамтамасыз ететін алтын көпір болуы тиіс. Осы бағытта комиссияның іс-шаралар жоспарына ұйымдардың кәсіподақ төрағаларының ақпараттарын тыңдау өткізіледі», – деді хабарламасында аудан әкімінің орынбасары А.Жандарбеков.

Аудандық комиссиялардың арасында оң тәжірибеге айналған осы тәртіппен облыстық және аудандық үшжақты комиссияның бірлескен отырысында «Волковгеология» АҚ-ның «Оңтүстік ВГ» филиалы «№23 Экспедициясының» еңбекті қорғау мәселесі бойынша ақпараты тыңдалды. 993 адам жұмыс істейтін кәсіпорындағы еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі мәселесінің жолға қойылуы тәжірибесімен кәсіпорынның кәсіподақ ұйымы төрағасы Ғ.Жұмабаев бөлісті. Оның айтуынша, кәсіпорында ағымдағы жылы мекеме тарапынан еңбек қорғау саласына 197 млн қаражат бөлінген. Кәсіпорын жұмыскерлерінің барлығы кәсіподақ мүшелері болып табылады, олардың еңбегінің қауіпсіздігі мәселесіне кәсіподақ ұйымы да өз үлесін қосуда. Кәсіпорынның барлық жұмыс аймақтарында кәсіподақ тарапынан сайланған қоғамдық еңбекті қорғау техникалық инспекторлары жұмыс атқарады, кәсіподақ ұйымының ұйымдастырумен кәсіпорында әр тоқсан сайын «Жарақатсыз жұмыс» атты байқау ұйымдастырылады.