Ұжымдық шарт – әлеуметтік қорғаудың кепілі

«С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің» жұмыс берушісі мен еңбек ұжымы арасында 3 жылға арналған Ұжымдық шартқа қол қойылды. Ұжымдық шартқа жұмыс беруші тарапынан – Басқарма төрағасы Қайрат Айтуғанов, қызметкерлер тарапынан – “С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ” жергілікті кәсіподағы” ҚБ төрағасы Серік Айтқожин қол қойды.

Маңызды құжатта кәсіподақ мүшелерінің әлеуметтік көмек алуға мүмкіндігі бар. Соның ішінде, кәсіподақ мүшесінің аталған оқу орнында кемінде 3 жыл жұмыс істеген болса, бірінші некесіне байланысты және кем дегенде 10 жыл жұмыс жасаған болса, мерейтойы болған жағдайда, баланың туылуына, асырап алынуына байланысты әлеуметтік қолдау ала алады. Сондай-ақ, барлық қызметкерлерге жақын туыстарының қазасына материалдық қолдау көрсетіледі.

2021 жылдың 1 шілдесінен бастап С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде кемінде 1 жыл үздіксіз жұмыс істейтін кәсіподақ мүшелері ерікті медициналық сақтандырумен қамтамасыз етіледі.

Әлеуметтік құжатта университетте кемінде 10 жыл жұмыс істеген бұрынғы қызметкерлері мен ардагерлеріне де ішкі ережеге сәйкес материалдық көмек көрсету қарастырылған.

«Ұжымдық шарт – бұл жұмыс беруші мен жұмысшылар арасындағы әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін маңызды құжат. Жұмыс уақытынан, демалыс күндерінен, материалдық көтермелеуден бастап -қызметкер зейнетке шыққанға дейінгі барлық әлеуметтік қолдау мәселелері нақты жазылған, ең бастысы, атқаратын қызметіне қарамастан, кәсіподақтың барлық мүшелері үшін осы шарттардың барлығы бірдей», – дейді жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Серік Айтхожин.

Сонымен қатар, С.Айтхожиннің айтуынша, ағымдағы жылы 200-ден астам кәсіподақ мүшесіне шипажай-курорттық емделуге жолдамалар мен жол жүру ақысын 100%-ға төлеу қарастырылған. Жыл басынан бері олардың 29-ы еліміздің шипажайларында демалған.