Ақтөбе облысы Мартөк ауданындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының жұмысы көпке үлгі тұтарлықтай. Кеңестер одағының батыры Ф.Озимтел атындағы көшеде орналасқандықтан, батырдың есімін жастарға насихаттау, ерлік өнегесін үлгі ету мақсатында көптеген спорттық мәдени шаралар тұрақты ұйымдастырылады.
Спорт мектебінде жұмыскерлер арасында кәсіподаққа мүшелік жүз пайыз, қызметкерлердің өкілі Наталья Магомедова кәсіподақ комитетінің төрайымы болып еңбек етеді.
Спорт мектебінің басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымы арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудың арқасында қызметкерлерге жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған. Кәсіби және бұқаралық спортты дамытуға арналған жарыстар үнемі өткізіліп тұрады. 75 адам – кәсіподаққа мүше. Мартөк ауданы тұрғындарының саны жыл санап артып келеді. Спортпен айналысам деушілер қатары артып отыр. Қазірде спорттың 13 түрінен жастар жаттығады.
Коронавирус пандемиясы кезеңінде бастауыш кәсіподақ ұйымы еңбек ардагерлеріне қолдау көрсетіп, материалдық көмек пен азық-түлік пакеттерін де таратты.