Еңбеккерлер бейнесінде – Сартабановтар әулеті

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Мұғалім – барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін абзал жандар. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Осынау мәртебелі мамандықты таңдап, халық ағарту саласына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан ұстаздар әулеті – Сартабанов отбасы.

Отбасының отағасы Оралбай Сартабанов Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген. Әр жылдары Ырғыз аудандық оқу бөлімінде меңгеруші, Дамбар орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі және тәрбие жұмысының меңгерушісі болып еңбек еткен. 1986-1996 жылдары Шалқар ауданындағы Талдықұм орта мектебіне басшылық еткен. Кейін Шалқар аудандық білім бөлімінің әдіскері болды. Өмірінің соңына дейін Оралбай Бақытұлы Ә.Жангелдин атындағы орта мектебінде математика пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарған.
Оралбай Бақытұлының жары Күләш Жайлаубаева да педагог. 1975-1987 жылдары Дамбар орта мектебінде, 1987-1996 жылдары Талдықұм орта мектебінде, 1996-2015 жылдары Шалқар қаласындағы №5 орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып абыройлы қызмет атқарды.

Өркениетті қоғамның талабы – салауатты отбасы. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп отыратын дәстүрлер мен ізгі мұраттар отбасында ғана дамып, байытыла түседі. Тәрбиенің бастапқы әліппесін бала отбасында алып, онда ізгіліктің, адамгершілік тәрбиенің негізі қаланады. Осындай өнерлі де өнегелі отбасында тәрбие алып, қанат қаққан ұл-қыздар ата-ананың абыройлы жолын таңдап, бүгінде бір-бір шаңырақ иесі атанып отыр.

Отбасының тұңғышы Рысжан Бахытова Шалқар қаласындағы №6 мектепте математика пәнінен сабақ береді. Еңбек өтілі – 28 жыл. Осы уақыт ішінде талай оқушыларға математиканың қыр-сырын үйретті.Оқушылары аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпаздары.

Қызы Нұрлыгүл Сартабанова 1999 жылы Қ Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне түсіп, 2003 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдады. Осы жылдары Шалқар ауданы Қауылжыр елді мекеніндегі № 42 мектебінде еңбек жолын бастаса, 2004 жылдан бастап Шалқар қаласындағы № 5 мектеп-лицейінде бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс жасап келеді.

Қызы Гүлнұр Сартабанова Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін дизайн мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі таңда көпсалалы Агу-Тарлан колледжінде оқытушы болып қызмет жасайды.

Отбасының келіні Салтанат Зинелғабдинова – І.Үргенішбаев атындағы орта мектептің табалдырығын аттаған жас бүлдіршіндерге алғаш қалам ұстатып, «Әліппе» ұсынған бастауыш сынып мұғалімі.

Әулеттегі алғашқы ұстаздар династиясының негізін қалаушы – Сартабанов Бақыт. Сартабанов Бақыт – Ұлы Отан соғысының ардагері, 30 жылға жуық педогогика саласында еңбек еткен. 1930 жылдан оқытушылық қызметті бастаған. Кейін Қобда ауданының №15 ауылында оқытушы, аудандық атқару комитетінің шешімімен №12 ауылға оқытушы, әрі Алға селолық Кеңесінің халықты жаппай сауаттандыру жұмысына араласуды міндеттеген. Бұдан соң Шалқар ауданы Еңбекші, Жиделі, Көкжар және Шетырғыз бастауыш мектептерінде оқытушы, Шалқар аудандық атқару комитетінің инспекторы, ауылдық Кеңес төрағасы болып абыройлы қызмет атқарады.

Бақыт атаның інісі Сартабанов Жайшылық – аудан, облыс, республика көлеміне танымал оқытушы. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік унивеситетінің физика-математика кафедрасында абыройлы қызмет атқарды. Профессор. Қазақстан Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі. Физика-математика ғылымдарының докторы. Бірнеше кітаптардың, монографиялардың авторы.