Кәсіподақ жетекшілері еңбек ұжымымен кездесуде өзекті мәселелерді қарастырды

Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен облыстық мәслихат депуттары Марат Қойлыбаев пен Баян Сәрсембина Ақтөбе облысының Алға ауданына қарасты Бестамақ ауылы маңындағы «Парижская коммуна ХХІ» ЖШС жұмысшыларымен  кездесті.

Былтыр жыл соңында жергілікті тұрғындар наразылығынан кейін кешенді тексерген прокуратура шошқа фермасының қалдықтары Бестамақ ауылындағы 13,8 гектар алқапты бүлдірген деген қорытынды шығарған еді. Тексеру органдары бұдан соң ферманың құбыр жүйесін бекітіп, мөр басып, суды тоқтатқан. Компания есепшотын бұғаттаған. Қазірде серіктестіктің біраз жұмысшысы аштық жариялап отыр. Олар «Біз құбыр жүйесін ашып, бізді жалақысыз қалдырмас үшін есепшотты бұғаттаудан босатуды, директорды үйқамақтан босатуды сұраймыз», – деп талап қойған.

Шаруашылықта ресми емес мәліметтерге сәйкес, 400-450-ге жуық адам жұмыс жасайды. Ресми 152 адам жұмыс жасайды. Ресми жалақылары 48 мыңнан аспайды. Ал, жұмысшылар «150-200 мың теңге жалақы аламыз» дейді. Онымен қоса 300-ге жуық адам еңбек келісім шартын жасаспай жұмыс жасауда. Яғни, олардың еңбек құқықтары қорғалмауда. Онымен қоса, олардың әлеуметтік және міндетті медициналық сақтандыру жарналарын аудармағандықтан, олар заңмен қорғалмаған.

Кездесу барысында оларға еңбек құқықтарын қорғау мәселелері, заңнама талаптары жан-жақты түсіндірілді.