Павлодар облысында «Халықтық бақылау» жобасы іске асырылып жатыр

“Халықтық бақылау” жобасы өндірісте жарақат алған ерекше қажеттіліктері бар оқытылған қызметкерлердің қатысуымен өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуға арналған.

Бүгінгі таңда “Халықтық бақылау” жобасы Павлодар облысының 10 кәсіпорнында енгізілді, онда ерекше қажеттіліктері бар қызметкерлер жұмысқа орналастырылды, олардың міндеттеріне өндірістік алаңдарда қауіпсіздік техникасының сақталуын бақылау кіреді.

Павлодар облысында “Халықтық бақылау” жобасы өңірдің ірі кәсіпорындарында енгізілді: “КЅР Steel” ЖШС, Ақсу ферроқорытпа зауыты – “ТНК Казхром” АҚ филиалы, “Богатырь Көмір” ЖШС, “Павлодар қаласының трамвай басқармасы” ЖШС, сондай-ақ “Горкомхоз-Павлодар” ЖШС және “МК Евразия-Агро”ЖШС.

Мысалы, “Павлодар қаласының трамвай басқармасы” ЖШС-де халық бақылаушылары жағдайды трамвай депосының аумағында орналасқан 15 бейнекамера және қала бойынша жүретін вагондарда орнатылған 35 камера арқылы бақылайды. “Халықтық бақылау” операторларының әрқайсысы нақты уақыт режимінде алаңдарды бақылайды және анықталған бұзушылықтарды тіркейді, содан кейін оларды тиісті қызметтерге жеткізеді.

Ақпарат үшін: 2019 жылғы 22 мамырдағы жұмыс сапары барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев “Қазхром “ТҰК” АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болып, онда “Халықтық бақылау” жаңа пилоттық жобасының тұсаукесерін өткізді. Компанияда әр кәсіпорындағы жағдайды талдағаннан кейін қауіпсіздік техникасын ішкі бақылау оның сөзсіз сақталуы үшін жеткіліксіз деген қорытындыға келді.

Сондықтан осы мақсат үшін мүгедектігі бар өнеркәсіптік кәсіпорындардың бұрынғы қызметкерлерін сыртқы байқаушылар ретінде тарту туралы шешім қабылданды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытындағы пилоттық жобада барлық операторлар қашықтан жұмыс істейді, әрқайсысы ауысымдық режимде төрт сағат бойы зауыттағы қауіпсіздік техникасының барлық нормаларының сақталуын бақылайды.

Жоба басталар алдында операторлар өнеркәсіптік қауіпсіздік қағидалары мен компьютерлік сауаттылықтың базалық дағдыларына оқытудан өтті. Барлық бақылаушылар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпорын штатына барлық тиісті шегерімдермен және әлеуметтік пакетпен рәсімделген.