Еңбеккерлердің құқығын қорғау бастауыш кәсіподақ ұйымынан басталады

ҚРКФ Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған медиа жоспарына сәйкес «Еңбеккерлердің құқығын қорғау бастауыш ұйымнан басталады» акциясына арналған челленджді Ақтөбе облысы Алматы облысынан қабылдап, Шығыс Қазақстан облысына жолдайды.

Ақтөбе облысындағы жылу және электр энергиясын өндіруші Ақтөбе жылу электр орталығының қала тұрғындарының қыстан тоңбай шығуына тікелей байланысты. Орталық өндіретін жылу энергиясы жеткілікті. Уақтылы өткізілетін күрделі жөндеу жұмыстары арқасында, ЖЭО өз су жылытқыш қазандықтары мен бу турбиналарын, басқа да қондырғыларын жылу беру маусымына сақадай сай етеді. Осындай өте жауапты, маңызды орталықта 600-дей жұмыскер бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі, яғни кәсіподаққа мүшелік жүз пайыз.

Жұмысшылардың өкілі Балауса Жайбергенова кәсіподақ комитетінің төрайымы болып еңбек етеді.

Жылу электр орталығы акционерлік қоғамының Ұжымдық шарты Ақтөбе облыстық кәсіподақ орталығы ұйымдастырған байқаудың жеңімпазы атанды. Ұжымдық шарт – ЖЭО жұмысшыларының құқықтары мен мүдделерін толыққанды қорғалуын қамтамасыз етудің, әрі әлеуметтік жағдайын жақсартудың кепілі.

Зауыт басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымы арасындағы әлеуметтік әріптестікті дамытудың арқасында қызметкерлерге жеңілдіктер мен кепілдіктер қарастырылған. Спорт пен дене шынықтыруды дамытуға арналған жарыстар өткізіліп тұрады, мәселен, «ZhaStar-Liga – 2021» ұйымдастырған турнирде қоғамның футбол клубы жүлделі үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар, зауыттың көпжылдық дәстүрлері жалғасуда, еңбек әулеттері қалыптасуда, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына қамқорлық қамтамасыз етіледі.

Ақтөбе жылу энергия орталығының бастауыш кәсіподақ ұйымы мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру, кәсіподақ мүшелерін сауықтыру, кәсіби шеберлік конкурстарын өткізу бойынша үлкен жұмыс жүргізіп келеді. Техникалық еңбек инспекторлары еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша қоғамдық бақылау тұрақты жүргізуде.

Қызметкерлердің демалысын ұйымдастыру үшін демалыс бөлмелерінде жағдай жасалған, қызметкерлер әлеуметтік қашықтықты сақтайтын буфет пен асханада ыстық тамақ ұйымдастырылған. Зауыт жұмысшыларының арасында еңбек ардагерлері, тыл еңбеккерлері, Ауған жауынгерлері ерекше құрметке ие. Коронавирус пандемиясы кезеңінде зауыт басшылығы мен бастауыш кәсіподақ ұйымы өз жұмысшыларына қолдау көрсетіп, материалдық көмек ұсынды. Қала әкімшілігі, Полиция департаменті мен ЖЭО арасындағы қол қойылған Меморандум негізінде жағдайы төмен бірнеше қала отбасылары қамқорлыққа алынып, оларға үнемі көмек көрсетілуде. Бұл іс-шара жұмысшылардың арнайы қайырымдылық қоры арқылы жүзеге асырылуда.

– Кәсіподақтардың күші бірлік пен түсіністікте, – деді бастауыш кәсіподақ ұйымының төрайымы Балауса Жайбергенова.