Тәуелсіздік құрдастары: аға буын жолымен – Давран Арыбжанов

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы «Тәуелсіздік құрдастары: аға буын жолымен» акциясын іске қосты. Аталған акция аясында Тәуелсіз Қазақстанға өзіндік үлесін қосып жүрген Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта қызмет ететін алтынқолды дәрігерлердің бірі – Давран Арыбжановпен таныстырғымыз келеді.

Давран Арыбжанов 18 жылдан бері денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Давран Тұрсынқұлұлы қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға сапалы ем жасап, олардың өмірін ұзарту үшін Ресей, Аустрия, Германия елдерінде оқудан өтіп, біліктілігін арттырған. Білікті маман заманауи әдістің көмегімен 12 жылдан бері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеп, оң нәтижелерге қол жеткізуде.

Давран Арыбжановтың жетекшілігімен “Тамыр ішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісі бойынша” бес мыңнан аса науқасқа операция түрі жасалған. Бүгінде қалалық онкологиялық орталықтағы білікті маманға сұраныс артып келеді. Еліміздің өзге өңірлерінен бөлек, тіпті, Астрахань, Мәскеу қалалары мен Өзбекстаннан науқастар келіп, ем алуда.
Бұл ауыр халдегі обыр ауруына шалдыққан науқастардың өмірін ұзартады. Мұндай ота түрі ми, мойын, бауыр, ұйқы безі, жатыр мойны, бүйрек, бауыр ісіктеріне шалдыққан науқастарға жасалады.

Айта кетейік, Шымкент қаласындағы онкологиялық орталықта 379 кәсіподақ мүшесі бар. Кәсіподақ төрағасы – Дінмұхамед Рахманов.