Еңбеккер бейнесінде – Самат Алтай

Мемлекеттің басты байлығы – Еңбек адамы. Ал, кәсіподақтың басты міндеті – Еңбек адамының құқын қорғау және оларды қолдау.

Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының қызметкері Самат Алтай 2001 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік өнер академиясын «Театр және кино актері» мамандығы бойынша тәмәмдап, алғаш қызмет жолын Қостанай облыстық қазақ драма театрында «Актер-режиссер» қызметінен бастап, 2011 жылы Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында сахна әртісі және режиссеры болып жұмысын жалғастырды.

Самат Тұрсынбекұлы 22 жылда театр өнерінде 74 рөлді сомдап, 46 спектакль, 23 ертегі мен өзінің авторлық 11 пьесасының қойылымдарын сахналаған. Бұдан бөлек, 42 мәдени іс-шараны ұйымдастырған.

Режиссерлік жолында Ә.Табылдының «Арыстанның айласы» ертегісі, өзі жазған «Абайламайсыз ба, Аяз ата!» атты жаңа жылдық ертеңгілік, тағы да сол өз қаламынан туған «Өзіңе өмір сыйла» атты шығармасы, Р.Ыбраеваның «Сиқырлы кітап», С.Алтай «Көңілді көбелектер» ертегісі сынды көптеген туындыны сахналады.

Осынау қажырлы еңбегінің арқасында Қазақстан Ассамблеясы 25 жыл төсбелгісімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Алғыс хаты, Халықаралық, Республикалық театр фестивалі лауреаты және Халықаралық «ТҮРІКСОЙ» ұйымы Алғыс хатымен марапатталған.

Айта кетейік, Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында 88 қызметкер жұмыс істейді. Барлығы да – кәсіподақ мүшелері. Кәсіподақ төрайымы – Эльмира Жанасбаева.