Көп жағдайда еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқытылмаған қызметкер өзін және әріптестерін күнделікті тәуекелге душар етеді. Сондықтан жұмыс беруші мен жұмыскер жаңа талаптарға сай оқытудан өткені абзал.
Осы орайда, 22 сәуір күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясымен әлеуметтік әріптестік аясында «№1 Алтын Еңбек оқыту орталығы» онлайн режимінде «Еңбекті қорғау, өндірістік және өрт қауіпсіздігі бойынша оқыту негіздері» тақырыбында тегін вебинар өткізді.
Оған елордалық кәсіпорын басшылары, қауіпсіздік техникасы жөніндегі инженерлер мен жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жауапты мамандары да қатысты.
«№1 Алтын Еңбек оқыту орталығы» еңбекті қорғау, өнеркәсіптік, экологиялық және өрт қауіпсіздігі саласындағы қызметті жүзеге асыратын, кез-келген еңбек саласында қауіпсіздік техникасы бойынша мамандар даярлайтын жетекші көп бейінді компаниялардың бірі болып табылады.
Вебинарға қатысқан кәсіподақ мүшелері сұрақтарына жауап алып, пікір алысты.
Оқыту компаниясының өкілдері вебинарды ұйымдастыруға қолдау танытқаны үшін Кәсіподақтар федерациясына алғысын білдірді.