Әлеуметтік әріптес марапатталды

Спорт және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының облыстық филиалының төрағасы Дінмұхамед Шалабаев Красный Яр ауылындағы “Ұлттық ойындар түрлерінен балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі” ұжымымен кездесу өткізді.

Кездесу барысында кәсіподақ мүшелері соңғы атқарылған жұмыстармен таныстырылды. Салалық келісімнің шарттары түсіндіріліп, ұжымдық шартқа енгізілетін өзгерістер айқындалды. Жаттықтырушылардың жалақы көлемінің ұлғаюы мен еңбек демалысы туралы, саладағы медицина қызметкерлері жалақысының жақын арада өсуі туралы да хабардар етілді.

Сонымен қатар, мекеме басшысы Марат  Қойшин зейнет жасына жетуіне байланысты филиал тарапынан құттықтау тілектер айтылып, әлеуметтік әріптестікте танытқан біліктілігі мен көрегендігі, бір мекемеде 18 жыл бойы ешбір еңбек дауларынсыз жұмыс атқарғаны  үшін Алғыс хат пен сыйлық берілді.