“Bookcrossing” кітап алмасу акциясына кәсіподақ жастары белсенді қатысты

Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл толуына орай, Орал қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталығының ұйымдастыруымен өткен “Bookcrossing” кітап алмасу акциясына Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы “Келешек” жастар кеңесі белсенді қатысты.

Жастар кеңесінің Батыс Қазақстан облысы бойынша жетекшісі, “30 Еңбек Елшісі” жобасының жеңімпазы Ақерке Шайқы аталмыш шараға қатысу үшін келген өңірдегі жастар саясаты басқармасы мен ресурстық орталықтың мамандарын және үкіметтік емес жастар ұйымдарының көшбасшыларын алдағы уақыттарда бірлескен іс-шараларға мұрындық болу мақсатында әріптестік қарым-қатынас шеңберін құруды ұсынды.

Өз сөзінде ол:
– Өңірде бәсекеге қабілетті жастар ұйымдары мен жас көшбасшылар көп-ақ. Дегенмен, кәсіподақ жастарынан байқағаным: ұрандатылған шаралардан гөрі, интеллигенциялық орталарды қалыптастыруға көбірек жұмыстанады екенбіз. Мысалы, Батыс Қазақстан облысы бойынша кәсіподақ жастарының арасында өткізіліп келген шаралардың көпшілігі – құқықтық сауаттылықты арттыру, дебат қозғалыстары т.б. Кәсіподақ қозғалысындағы жастар саясатын жан-жақты бағытта жүзеге асыру үшін белсенді әріптестік қарым-қатынастарды қалыптастыру керекпіз, – дейді.