Үшжақты келісім жасалды

Ақтөбе облысының әкімдігінің және кәсіподақтар бірлестігі мен жұмыс берушілер қауымдастығы арасында үшжақты келісім жасалды.

Бұл – 2021-2023 жылдарға арналған әлеуметтік әріптестікті нығайтуға, ең бастысы жұмыскерлердің еңбек құқығын қорғауға бағытталған келісім.

Маңызды құжат әр үш жыл сайын жаңартылады. Осы келісімде тұрақты жұмыс орындарын сақтау, жұмысшылардың еңбек құқығын қорғау мен әлеуметтік қолдауға ерекше мән берілген. Алдымен үшжақты комиссия отырысында осыған дейінгі келісімнің орындалу барысы жан-жақты талқыланды.

Жиынға Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы А. Әмірғалиев пен бірлестік төрағасының орынбасары Ж. Ақбергенов және Салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері қатысты. Әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның отырысында еңбек қатынастарын реттеу, жұмыс орындарының қысқаруының алдын алу, жұмыспен қамту шаралары және жұмыскерлер алдында жалақы қарыздарын болдырмау мәселелері қаралды. Бірқатар түйткілді мәселелер де бар.

Мысалы, Ақтөбе облысында 4 кәсіпорынның 200-ден астам жұмысшысына жалақы берешегі 30 млн. тенгеден асқан. Заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Берешекті өндіру мәселелері қарастырылып отыр. Жиында тараптар әрқайсысы өз өкілеттігі шегінде еңбек қатынастары барысында даулар мен келіспеушіліктер туындаған жағдайда, кез келген мәселені тараптың өтініші бойынша өзара кеңестер жүргізе отырып бірлесе шешуге келісті.