Кітапхана саласында еңбек еткеніне 35 жылдан асқан Ботагөз Елеубекова 1963 жылы 17 ақпанда Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласында дүниеге келген. 1977 жылы Шымкент қаласына көшіп келіп, 1980 жылы Ж.Жабаев атындағы орта мектепті бітірген.
1981 жылы Әл-Фараби атындағы педагогикалық мәдениет институтының кітапханатану және библиография факультетіне түсіп, 1985 жылы институтты бітірген соң А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасына кітапханашы болып қабылданады. Содан осы кітапхана 2013 жылға дейін, яғни 28 жыл жұмыс істейді. 2013 жылы Отырар ғылыми-әмбебап кітапханасына (қазіргі Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы) құжаттарды өңдеу және каталогтарды ұйымдастыру бөліміне сектор меңгерушісі болып қызметін ауыстырды. 2014 жылы маусым айынан бастап кітап қорын сақтау бөлімінің меңгерушісі болып қызмет етеді.
Жұмыс барысында өзін білікті, еңбексүйгіш әрі ұқыпты маман ретінде танытып келеді. Кітап қорын сақтау бөлімінің баспа шығармаларының ұзақ жылдар бойы сақталуына, қордың есебін алып отыру, кітаптардың тозып немесе жоғалып кетпеуін қадағалап отырады. Кітапханада мәдени іс-шараларға, қоғамдық жұмыстарға, көрмелерді жасауға белсене қатысады.
Ботагөз Үркімбекқызының осынау жылдар бойы еткен еңбегі елеусіз қалмай, А.С.Пушкин атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының және Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасы директорларының Алғыс хаттарымен, сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының медалі және Кітапхана саласының үздігі медалімен марапатталған.
Айта кетейік, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасында 96 қызметкер еңбек етеді. Барлығы да кәсіподақ мүшелері. Кітапхананың бастауыш кәсіподақ төрайымы – Сәуле Бисеитова Мухиқызы.