Қалың қалай, мұнайшы?

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов «Қуат Амлон Мұнай» компаниясының вахталық кенішінде жұмыскерлердің өндiрiстiк-тұрмыстық жағдайларымен танысты.

2020 жылғы еңбек заңнамасындағы өзгерістерде жұмыскердің жұмыс орнында, оның iшiнде вахталық жұмыс әдісі кезінде болуы үшін қажетті, санитариялық-тұрмыстық үй-жайлармен, сондай-ақ тынығу және тамақтану үшін жағдайлармен қамтамасыз етуді қамтитын еңбек жағдайлары өндiрiстiк-тұрмыстық жағдайлар деп аталатындығы туралы ұғым пайда болған. Сонымен қатар, еңбек заңнамасы жұмыс берушілерге қандай да бір кемсітусіз, жұмыскерлерге бірдей өндірістік-тұрмыстық жағдайлар қамтамасыз етуге міндеттілігін белгіледі.

Мұнай компаниясында бұған дейін жыл басынан жұмыскерлердің жалақыны көбейту және ұжымдық шарттағы қаралған әлеуметтік көмектерін сақталуы туралы жұмыс берушіге қойған талаптары бойынша бірнеше келіссөздер жүргізілген болатын. Келіссөздер нәтижесімен жұмысшылардың арнайы киімдерінің сапасын арттыру, мұнай кенішіндегі жұмысшылардың тамақтану мәзірін қайта қарап, сапасын арттыру үшін қосымша қаржы бөлу шаралары қабылданатындығы нақтыланды. Қазірде жұмыскерлердің арнайы киімін қабылдау комиссиясы құрамында кәсіподақ ұйым өкілдері киім сапасын бақылайды, сонымен қатар, кеніш басында ас мәзірі толықтырылып, жақсартылған.

«Ұжымда қалыптасқан жалақыға қатысты мәселе облыстық үш жақты комиссия отырысы күн тәртібіне шығарылып, қаралды. Қазірде компания басшылығы жалақыны көбейту мәселесі бойынша нақты шешім қабылдау үстінде, жақын арада қабылданған шешімді хабарлайтын болады. Кеніште өндiрiстiк-тұрмыстық жағдай біршама жақсарған, бұл – кәсіподақтар мен жұмыс берушінің конструктивті келіссөздер нәтижесі деп білеміз. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі тарапынан жұмыскерлер құқығы мен мүддесі үшін аянбай еңбек етудеміз, компаниядағы кәсіподақ ұйымы белсенділерімен де жұмыскерлер мүдделері жіті бақылауда», – деп атап өтті Марат Бәйімбетов.